2022 жылғы 2 сәуірде Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының СІМ хабарлады деп жазады newsroom.kz порталы.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Президенті Янош Адер және Премьер-министрі Виктор Орбан, сонымен қатар екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Мұхтар Тілеуберді мен Петер Сийярто құттықтау хаттарымен алмасты.
Қос ел үшін маңызды болып табылатын осы атаулы күнге орай бүгін Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Мажарстан Елшісі Отто Ронамен кездесті.
Отандық дипломат тарихи тұрғыдан осындай қысқа мерзім ішінде елдеріміздің ықпалдастығы екпінді түрде дамып, берік өзара тиімді стратегиялық әріптестікке айналғанына ерекше қуанатынын білдірді. 30 жыл ішінде екіжақты шарттық-құқықтық базаның берік іргетасы қаланып, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Парламентаралық достық топтары, Стратегиялық және Іскерлік кеңестер, Инвестициялық қор құрылды, сондай-ақ екі елдің астаналары арасында тікелей әуе қатынасы орнатылды.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды арттыруға және тереңдетуге деген қызығушылықтарын растады. Күш-жігер өзара сауданың тауарлық құрылымын кеңейтуге және жоғары өңделген өнім үлесін арттыруға бағытталатын болады. Екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін Будапешт пен Нұр-Сұлтан арасындағы Wizz Air әуе компаниясының осы жылдың басында уақытша тоқтатылған кестелі рейстерін жақын арада қайта қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінді.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту перспективалары да жыл сайын кеңейе түсуде. XIII ғасырда Мажарстанға қазақ даласынан қоныс аударған қыпшақ тайпалары ұрпақтарының болуы қазақ және мажар халықтарының бай мәдени мұрасының тарихи іргетасы және берік байланыстырушы буыны болып табылады. Қазіргі таңда «Мажарстан қыпшақтары одағының» екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамытудағы рөлі орасан зор. Будапештте Астана көшесі мен Абай ескерткіші бар, Абай оқулары өтеді.
Екі ел арасындағы мәдени, ғылыми байланыстардың арқасында Stipendium Hungaricum бағдарламасының аясында жыл сайын 250 жас қазақстандық білімін Мажарстанда жетілдіру мүмкіндігіне ие. Бүгінгі күні Мажарстанның жоғары оқу орындарында бір мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Мажар студенттері қазақ тілін, қазақстандық студенттер мажар тілін оқиды, ал мажар профессорлары Қазақстанның жоғары оқу орындарында сабақ береді.
Р. Василенко мен О. Рона стратегиялық әріптестіктің екі ел халықтарының игілігі үшін бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылық мүдделеріне сай одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Р. Василенко сондай-ақ сұхбаттасын Премьер-министр В. Орбанның билік басындағы «Фидес» партиясының сенімді жеңісімен аяқталған Мажарстанда 3 сәуірде парламенттік сайлаудың өтуімен құттықтады.
Екі мемлекет және халықтар арасында өзара тиімді ынтымақтастық пен достықтың алдағы уақытта да жүйелі дамуына ортақ сенім білдірілді.
Тілші бала