Егер әлемдік телекоммуникация желісінен Ресейді ажыратып тастаса, Қазақстан интернетсіз қала ма деп жазады newsroom.kz порталы timur bektur-дің фейсбук парақшасына сілтеме жасап.
Теориялық тұрғыдан иә. Практикалық тұрғыда жоқ. Алайда, шын мәнісінде, сәл түсініксіздеу.
Неліктен? Себебі, біздің “Қазақтелеком” “Ростелекомның” біздің территориядағы заңды жалғасы.
Екіншіден, “Қазақтелекомнан” да бөлек біздің елде телекоммуникациямен айналысатын компаниялар шлюзге ресейлік нүктелер арқылы қосылған.
Айталық, Майндағы Франкфурт немесе Лондондағы жаһандық интернет жұлынға (worldwide internet backbone) тікелей өз сымымен қосылып елге байланыс тартып отырған ешбір отандық компания жоқ.
Жалпы, біздің елде, интернет жұлынға қосылуға қабілетті tier-1 немесе tier-2 деңгейіндегі телеком компаниялар жоқ. Біздікілер қанша жүрден цифровизацияның көкесі, коммуникацияның атасы ретінде пиарланып жүрсе де tier-3 яғни internet service provider деңгейіндегі шағын компаниялар.
Неліктен Ресейге байланып қалғанбыз?
Себебі, бізді Еуропадағы интернет қосынға төтесінен жалғайтын желі ресейліктердің еншісінде. Оның үстіне, Ресейсіз басқалай қосыла қоятын маршрут та жоқ. Анадай далиған даланы айналып өткенше, солар арқылы қосылған дұрыс та бір жағынан.
Біз біз ғой, анау техникалық тұрғыда tier-2 деңгейіндегі қытайлық China Telecom-ның өзі Еуропадағы халықаралық интернет жұлынға Қытай мен Жапонияны Ресей арқылы жалғап отыр.
J’son & Partners Consulting мәліметі бойынша, 2020 жылы Қытай-Жапония мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы өтетін байланыс жалпы трафиктің 20%-ын құрайды. Оның ішінде Қытайдың өзінен Еуропаға ресейлік каналдар (Ростелеком, VEON (бұрынғы Vimpelcom) арқылы өтетін трафик көлемі 1,5 Тбит/с болыпты.
Бұл деген сөз, Ресейді әлемдік интернеттен ажырата қалса, тек бізге емес, Қытайға да, оның ар жағындағы Жапонияға да қиын болады. Тіпті сол барлығы мәпелеп отырған Украинаның өзіне де қиын болады-ау.
Мәселен, Vimpelcom-ның Еуропа-Қытай транзиттік желісін қарайтын болсақ, ар жағында немістің Франкфуртынан шығатын интернет ағыны Мәскеудегі хаб арқылы екіге жарылады да біреуі Орал-Қызылорда арқылы, екіншісі Петропавл-Қарағанды арқылы Қорғасқа кетеді.
Демек, осынша трафиктің барлығын Еуропа да, АҚШ та дереу ажыратып тастайтынына сенбеймін.
Ал Асхат Оразбек деген ҚР Цифрлық даму вице-министірінің “Нағыз болмаса Қытайға ауыса саламыз” деген жайбарақат сөзі елді дүрліктірмеу жағынан дұрыс болғанымен, осы уақытқа дейін Ресей арқылы жалғанып келген біз үшін интернеттің баяулап қалатыны айдан-анық.
Тіпті, қазірдің өзінде кейбір серверлер мен сайттардың ашылуы баялап, мәлімет қараған кезде кейбір сайттардың мүлдем жүктелмей тұрғанын байқауға болады.
Әрине, ол адамның интернет таратушы операторына байланысты. Дегенмен, жалпы жағдай осындай және біздің елдегі біраз интернет-трафик Ресей арқылы айналып келетіні бұрыннан белгілі. Ол деген сөз, елордадан Қарағандыға шыққан ақпарат трафигі Орынбор ма, Орск ма, білмедім, әйтеуір Ресейдің маршрутизаторлары арқылы айналып келеді.
Даг Мадоридің (Doug Madory) Ресейлік телекомдардың Lumen мен Cogent секілді tier-1 деңгейіндегі интернет жұлындардан ажыратылғандығы туралы мәліметіне келсек, ол рас. Яғни, әлем Ресейді интернеттен қараң қалдырса, Қазақстан да интернет қалу ықтималдығы бар. Алайда, Ростелеком да, Vimpelcom да жаһандық желіге басқа да көздер арқылы қосылған. Оның үстіне, Даг Мадори “Cogent пен Lumen-нен өзгелер де, барлығы да Ресейді тұтас ажыратқан жағдайда” деді. Менің ойымша, Даг Модеридің бұл мәлімдемесі, әдеттегі ақпараттық шабуыл деген ойдамын.
Жоғарыда жазғанымдай, бүкіл әлем Ресейді интернеттен ажыратып тастайтын сценарийға сенбеймін. Ол солай боп қалса, Chine Telecom арқылы қосылатынымыз тағы бар.
Бірақ, Қытайдың трафик фильтрлері бізге өзіміз үйренген жылдамдық деңгейінде интернет бере ме, жоқ па, оны қазір айта алмаймын. Анық білетінім, еліміздегі Денис Сухачёв секілді хостинг провайдер иелері қазірдің өзінде трафиктің барлығы Қытай арқылы “жүгіріп” жатқанын және жылдамдық төмендегенін айтып отыр.
Тағы бір қызықты айтайын. Былтырлары, Серікбай Трұмов Маңғыстау облысының әкімі боп тұрған кезде Гонк-Конг (әлде Сингапур, қазір жаңылысып отырмын) кәсіпкерлері Лондоннан келе жатқан интернет шлюзді Баку арқылы Ақтауға Каспийдің табанымен тарту жөнінде келіссөз жүргізгені есімде. Ол енді халықтық мақсатқа да қолданыла ма әлде жекелеген инвесторлардың қара бастары үшін тартқысы келген канал ма, оны анықтау керек.
Қалай болғанда да, КТК мұнай құбырының жұмысын уақытша тоқтатуы мен ұзақ уақытқа тоқтап қалуы ықтималдығы, ресейлік интернет тасымалдаушылардың жаһандық желіден ажыратылу ықтималдығы Маңғыстау облысының, Каспий теңізінің барлық транзиттік потенциалын аша түседі деген ойдамын. Ең басты сұрақ - Үкімет пен жергілікті әкімшіліктің не істегелі жатқаны боп тұр…
P.S. Төмендегі жаһандық интернет жұлындарының ағысын қарайтын болсақ, кең байтақ деп мақтанатын жерімізден бүкіл әлемдік байланыс айналып өтетінін анық байқауға болады.
Тілші бала