Бүгін Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен түркі мемлекеттері арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын орай халықаралық конференция өтті.
Алқалы жиынның салтанатты ашылуына Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі мемлекеттері ұйымының тұңғыш Бас хатшысы Халил Акынджы, Әзербайжан Республикасының алғашқы Премьер-министрі Гасан Гасанов, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің Қазақстан тарапынан өкілі Икрам Адырбеков, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының бірінші вице-президенті Иса Габибейлі, сонымен қатар елшілер, дипломаттар, депутаттар, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Онлайн форматта өткен бас қосуда бауырлас мемлекеттер тәуелсіздігінің және туыс елдер интегрциясының 30 жылдығына арналған «Түркі дүниесі - 30» атты жинақтың таныстырылымы өтті. Кітаптың лентасын ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков пен Түркі академия басшысы Дархан Қыдырәлі кесті.
Аталған кітапта түбі бір түркі елдері мен халықтары ынтымақтастығының 30 жылдық белесінде елеулі еңбек еткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым басшылары мен елшілері, сарапшылары мен ғалымдарының естеліктері және пайымды пікірлері жинақталған. Жинақтағы мақалаларға бауырлас елдердің интеграциялық үдерістері, соның ішінде ғылыми-гуманитарлық ынтымақтастықтың қайтажаңғыруы, қарқынды дамуы арқау болған.
Онлайн рәсімде өткен конференцияның пленарлық отырысынаТүркия Ғылым академиясының академигі Ахмед Аджар, Қырғыз-Түрік Манас Университетінің ректоры Алпаслан Джейлан, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі Мәдениет комитетінің төрайымы Ганира Пашаева, Қырғыз Республикасының Жокорку Кенешінің экс-депутат Қанибек Иманалиев, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі депутаты, Еуропалық Одақ-Әзербайжан парламенттік ынтымақтастық комиссиясының тең төрағасы Дживаншир Фейзиев, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі депутаты, Экономикалық және әлеуметтік даму орталығының (CESD) төрағасы Вугар Байрамов, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының орынбасары Санвар Валиев, Еуразиялық экономикалық байланыстар қауымдастығының төрағасы Хикмет Ерен, «Қоғамдықпікір» институтының жоба жетекшісі Ботагөз Рақышева, Өзбекстан Ғылым академиясы Ұлттық археология орталығының вице-президенті Гайбулла Бабаяров, сонымен қатар танымал ғалымдар қатысып, баяндамалар жасады.
Пленарлық отырысқа Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли модераторлық етті.