Жуықта Президент Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданған болатын.
Жаңа құжаттың осыған дейін қолданыста болған нұсқасынан қандай артықшылығы бар екенін туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев сұхбат берді деп хабарлайды Newsroom.kz порталы https://www.gov.kz/ сайтына сілтеме жасап
- Дархан Медеғалиұлы, жақында Президент Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданды. Әдеп кодексіне өзгеріс енгізуге не себеп болды?
- Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың қаңтар айында Парламент Мәжілісінің отырысында және кейіннен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі жиында сөйлеген сөзінде мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипат алып, клиентке бағдарлануы үшін түбегейлі өзгерісті талап ететінін атап өтті.
Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен күнделікті өмірдегі жекелеген факторлар мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр. Мемлекеттік басқаруды жаңаша ұйымдастыру –Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты фактор.
Осыған байланысты қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттырып, халықпен кері байланысты жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Бізге, адамға бағдарланған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп нормаларын дұрыс түсінуде және қолдануда ерекше маңызға ие.
Мемлекеттік қызмет жүйесінде қалыптасып отырған бірқатар сын-тегеуріндерді шешу Әдеп кодексін жаңа редакцияда қабылдауға басты себеп болды.
- Қысқаша айтып өтсеңіз, жаңа Әдеп кодексінде не өзгерді?
- Егер бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттары бірге қаралып келген болса, жаңа редакцияда бұл олқылықтар жойылып, мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебіне қатысы жоқ ережелерден бөлек, өз алдына жеке қарастырылып отыр.
Жаңа Әдеп кодексі ең алдымен қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады.
Мұнымен қатар, жаңа Кодексте Агенттік пен оның аумақтық органдары, қызметтік әдепті бұзудың профилактикасын үйлестіруші органдар ретінде айқындалып отыр. Осыған байланысты, алдағы уақытта Әдеп жөніндегі уәкілдердің, Комиссиялар мен кеңестердің әдеп бұзушылықтарды ескерту және алдын алу бойынша жұмыстары жандандырылатын болады.
- Кодекстің жаңа редакциясында мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарға қатысты қандай өзгерістер бар?
- Жаңа редакцияда Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген.
Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық. Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілерге мұндай талаптар бұрынғы кодексте де қойылған. Бірақ, байқасаңыз, Кодекстің жаңа редакциясында ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдылық берілген. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.
Жалпы алғанда, негізгі өзгерістер осы бағыттарда болып отыр. Кодекске енгізілген түзетулер сервистік, ашық және халық үшін қолжетімді мемлекеттік аппараттың қалыптасуына ықпал етеді деп күтілуде.
- Дархан Медеғалиұлы, толыққанды ақпарат үшін рахмет. Жаңа Әдеп кодексі халықтың мемлекеттік институттарға сенім деңгейінің артуына ықпал етеді деп үміттенеміз.
Дереккөз: inform.kz