«Жоғары білім алмаған келіншегім басында үйде отырды. Бала болмаған кезде курс оқып, тырнақ, шаш, қас бояудың небір курстарын меңгерді. Ақырында сондай өнерін онлайн оқытып, әлеуметтік желілер арқылы табыс таба бастады. Сол кездері бұндай өмір ұнамайды, инстаграмдағы жұлдыздар сияқты өмір сүргім келеді деп күніге миымды жейтін. Мән бермейтінмін. Мен ол кезде құрылыста бригадирлікке жеттім. Ай сайын табатын менің 600-700 мың айлығымды «Жилстройға» үйге жинай бердік. Әйелімнің табысы мен такси пұлдан түскен ақшаға күн көрдік. Әлеуметтік желідегі «подписчиктері» көбейген сайын әйелімнің де мінезі өзгере берді. Өзін «жұлдыз» санай бастады. Менің әр-қимылымды ұнатпай, жұмыстан кешіксем есікті құлыптап қоятын әдет шығарды. Талай түн даладағы көлігімде, не хостелге барып түнеп жүрдім» - деген кейіпкеріміз «шырт» еткізіп шылымын тұтатып, «бұрқ» еткізіп түтін шығарған соң терезеден басын шығарып «уф» - деп қалтырай дем алды. Үш балалы болып қалған кезде, айына млн табатын оның келіншегі өзінің айтуынша еліміздегі менмін деген танымал «жұлдыздармен» олардың әйелдерімен әмпей-жәмпей араласқан. Олармен отырсам ыңғайсызданып, дүнияу әңгімелерінен шаршап, ауыладғы сыныптастарымен уатсап арқылы қалжыңдап сөйлесетін бұны әйелі «ауылбай», қаланың өмірін бейімделмегенсің деп жиі сөккен көрінеді. Ақырында бәленбай жыл байымды мен асырадым деген әйелі бүкіл әлеуметтік желілерге жазған соң екеуі ажырасып тынған екен. Бұл біздің кейіпкеріміздің сөзі. Біреудің отбасын жазу біздің міндет емес, дұрысы – екі тараптың да сөзін жазу. Келіншегінің пікірін біз әлі біле алмадық. Себебі, кейіпкеріміз аты-жөнін айтудан бас тартып, телефонын көзімізше «Яндекс» пен біздің телефонымыздан өшіртіп тастады.Бізді жеткізіп салған ол күйіп кеттім аға, Сізбен әңгіме айтып ішім босады ғой. Мінезі қиындап кеткен әйелім ақыры ажырасып тынды. Балаларымды қимаймын. Анда-санда ұшып барып көріп тұрамын. «Жилстройда» әжептеуір ақша жинаппын. Соған үй алып бердім. Енді шетелге кететін шығармын, осы қызбен таныстырған достарым Германиядағы құрылыста жұмыс бар дейді. Бәлкім сол жақта бақытымды сынап көретін шығармын – деп жүре берді. Не дейміз? Жолың болсын, бауырым, Алла қолдасын! – деген біздер де өз жөнімізге тарттық.
Қоңырақын ҚАРАБАЙ