Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
18 қаңтар, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Nur Otan: Президент қойған міндеттерді орындау үшін бар күшін жұмылдырады (видео)

Nur Otan: Президент қойған міндеттерді орындау үшін бар күшін жұмылдырады (видео)

Nur Otan: Президент қойған міндеттерді орындау үшін бар күшін жұмылдырады (видео)
ашық дереккөзі
«Nur Otan» Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бейнеконференция байланыс режимінде барлық өңірлік филиалдармен жергілікті жерлерде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда өткен Парламент Мәжілісінде қойған міндеттерін орындауға қоғамдық және партиялық қолдауды қамтамасыз ету жөнінде жиналыс өткізді. Отырыс қасіретті оқиға кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіз еске алумен басталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық». Еліміз осы күндері ауыр сынақты бастан өткерді. Сын сағатта Мемлекет басшысының батыл шешімдер қабылдауының және халқымыздың даналығы мен сабырлығының арқасында қасіретті қаңтар оқиғаларынан өттік. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін сақтап қалдық. Қимас жандарынан айрылған барша отандастардың қайғысына тағы да ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған, соққы көрген азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Ең бастысы, елдің тыныштығы, адамдардың амандығы екеніне тағы да көзіміз жетті. Қираған дүние түзелер, өртенген ғимараттар қалпына келер, бірақ жүрегімізге түскен сызат ешқашан өшпейді», – деді Бауыржан Байбек.
Оның айтуынша, «Nur Otan» Мемлекет басшысы қойған әлеуметтік-экономикалық саладағы нақты міндеттерді орындауға өзінің бүкіл ресурстарын іске қосқан. Партияның Мәжілістегі фракциясы Президент атап өткен мәселелерді орындаудың заңнамалық негізін қамтамасыз ету ісіне кірісіп кеткен. Мәслихаттардағы депутаттар жер-жерде халықпен тікелей кездесіп, түсіндіру жұмыстарына белсене атсалысып, сондай-ақ қиратылған инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге үлес қосуда. Бұл ретте партияның қоғамдық қабылдаулары осы күндері тұрақты жұмыс істеді. Партияның бірнеше мың белсендісі «Халық сақшысы» қоғамдық дружиналар сапында Алматы қаласында қоғамдық тәртіп орнатуға атсалысып, әскерилерге, полиция және коммуналдық сала қызметкерлеріне көмектесті. Сонымен қатар, партия еріктілері тек Алматы қаласының өзінде 155 млн теңгеден астам сомаға әртүрлі көмек көрсетті.
«Қазіргі таңда партияның барлық мүмкіндігі мен күш-жігерін Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алға қойған мақсат-міндеттердің сапалы орындалуына жұмылдыруымыз керек. Партияның қолында қажетті тетіктің бәрі бар. Біз былтыр ел аумағында барлық деңгейлерде құрылған 1 мың 700-ден аса қоғамдық кеңес жұмысын жолға қойдық. Оның құрамында 12 мыңнан аса адам бар, үштен бірі – қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, кәсіпкерлер, ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер. Былтыр олар нәтижелі қызмет жасап, көптеген келелі ұсыныстар берді, бірқатар көкейкесті проблемалардың шешілуіне мұрындық болды. Қажетті тәжірибе мен мүмкіндіктер бар. Сондықтан, «Nur Otan»-ның қоғамдық кеңестері Президент бастамаларын қолдап, берілген тапсырмалардың жергілікті жерлерде толыққанды орындалуына көмектесуі керек», – деп атап өтті ол.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары атап өткендей, ақпан айында «Nur Otan» депутаттарының қоғамдық рейтингін қалыптастыруға арналған платформа жария форматта іске қосылады. [embed]https://www.youtube.com/watch?v=ZWzPjX4d5tc[/embed]
«Қоғамдық рейтинг мәслихат депутаттарын халықпен етене араласып, сайлаушылармен тұрақты түрде байланыс орнатуға ынталандыру үшін жасалған болатын. Осы оқиғалар бұл бастаманың қаншалықты өзекті әрі маңызды екенін көрсетті. Халық қалаулылары – ең алдымен халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс. Ашық түрде, елмен етене жұмыс істейтін, қоғамдық жауапкершілікті мойнымен көтере алатын білікті депуттарымыз бен резервтегі белсенді партияластарымыз халық талабына сай лайықты бағасын алуы тиіс. Былтыр қыркүйек айынан бастап бұл механизм барлық өңірлерде сынақтан өтті. Ақпан айынан бастап біз қоғамдық рейтинг нәтижесін тұрақты түрде жариялап отыратын боламыз», – деп мәлімдеді Бауыржан Байбек.
Кездесу барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Тұңғыш Президенттің ел тарихындағы рөліне арнайы тоқталып, әлеуметтік желілерде партия атына айтылып жатқан сындарға да жауап берді.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Күшіміз – бірлікте!» деп барлығымызды ортақ мақсат жолында топтасуға шақырып отыр. Қазақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. «Nur Otan» партиясы елдің бірлігі мен ішкі тұрақтылықты сақтаудың маңызын үнемі айтып келеді. Партия ту еткен осы мәселелердің қаншалықты маңызды екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осындай қиын-қыстау кезде партия жұмысынан мін іздеп, «Парламент таратылсын, партия таратылсын» деген мағынада әңгіме таратып жүргендер бар. Мұны айтушылар – «Nur Otan» партиясы мемлекеттіліктің, елдіктің негізгі қоғамдық-саяси тірегінің бірі екенін мүлдем түсінбейтіндер. «Nur Otan» партиясы құрылғалы бері Қазақстан мемлекеттілігін сақтау үшін, қоғам бірлігін бекем ету үшін жұмыс істеп келеді. «Ұлы істер үндемей бітеді» демекші, бұл – даңғойлыққа салуға болмайтын, көзге көрінбейтін істер. Сондықтан біз айтылған қисынды сынды көтере біліп, ал, жүйесіз сөзге мән бермей, бел шешіп жұмыс істегеніміз жөн», – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, қазір Тұңғыш Президентіміз туралы да небір пікір айтушылар көбейген. Тарих безбеніне салсақ, кез келген оқиғаның, не тұлғаның өткендегі рөліне бірыңғай оң не болмаса тек қана теріс деп баға беруге болмайды. Мысалы, Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік туралы да қарама-қайшы пікірлер көп. Бірақ, ол замануи түрік мемлекетінің негізін қалаушы тарихи тұлға болып қала бермек.
«Өткенге баға беру әркімнің қолынан келеді, бірақ ақиқат пен жалғанды ажырату әркімнің өз ар-ұятына байланысты. Ең қиын кезеңде, яғни біз мемлекет боламыз ба, болмаймыз ба деген сонау алмағайып 90-шы жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты, етек-жеңін жиды. Төңірегімен терезесі теңесті. Жалпы әлемдік қауымдастық мойындады. Елбасы мен сол кездегі аға ұрпақтың 30 жыл бойы мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, шекарасын шегендеп, территориясының тұтастығын сақтауға сіңірген ерен еңбегі ұлт тарихында өзінің оң бағасын алары сөзсіз. Ал, осы жылдары кетеуі кеткен дүниені тезірек түзеуіміз керек. Ол – сөзсіз. Президент жариялаған реформалардың да мәні осы. Бірақ, Мемлекет басшылығынан кеткен Нұрсұлтан Назарбаевты жата жамандау – елдігімізге, азаматтығымызға сын», – деді ол.
Бауыржан Байбек атап өткендей, 30 жылға енді толған Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін қазақстандық қоғамда мемлекеттіліктің дәстүрін, оның ішінде билік сабақтастығының дәстүрін қалыптастыра білуіміз шарт.
«Біз үшін қазір елдігімізді сақтау, барды ұқсату аса маңызды. Сондықтан Елбасы құрған «Nur Otan» партиясы елдің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығына бағытталған жұмысын одан әрі жалғастыруы керек. Қазіргі таңда біз алда болатын кезектен тыс Съезд жұмысына дайындықты бастап кеттік. Қаңтардың қасіретті күндерінде Елбасы баршамызды Президенттің маңайына топтасып, елдің амандығы мен бірлігін сақтап қалу үшін бірге әрекет етуге үндегенін баршаңыз білесіздер. Кім не десе де, «Nur Otan» партиясы – Президент жариялаған реформаларды толық және сапалы жүзеге асыруға әлеуеті толық жететін бірден-бір қоғамдық-саяси күш. Партиямыз Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін – қоғамдық ұйымдарды, депутаттық фракцияларды, түрлі қызметте жүрген 800 мыңға тарта барлық мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдыруға дайын», – деп түйіндеді ол.
Отырыс барысында Алматы қаласы, Маңғыстау, Жамбыл облыстық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, сонымен қатар «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы қазіргі таңда партия тарапынан жергілікті әкімдіктерге инфрақұрылымдарды қалпына келтіру, қоғамдық тәртіпті нығайту, волонтерлар қызметін үйлестіру және басқа да атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат берді.