Жетпістің жотасынан қарасаң алпыс деген ауыл арасы емес пе тәйірі. Барыс жылының басында басы ноқтаға сыймайтын Айт-Ман ағамыз алпыстың ауылына келіпті. Құтты болсын!
Сүйекке салсаң ағаңмын, жерлестікке салсаң жездеңмін таңдау өзіңде бауырым дегесін жыр жампозын жездем деп сүйекке таңба түсірмей, он екі ұлдың шаңырақ иесі ғой-деп ағалық жолын таңдадым.
Әр жердің өз биігі бар, бүгінде майлы қиянның рухани шыңдарының бірі әрине Айт-Ман ағамыз. Айырдан туған жампоз бар, Нар емес десең нанғысыз. Қарадан туған жігіт бар, Ханға күнін салғысыз- деген сөз Светқали ағамызға арнап айтылғандай.
Табылды ағамыздың әніне жазылған “Сәйгүлік” жырының сөзі Светқали ағамыздікі. Жарықтың жылдамдығын да жолда қалдыратын жыр жолдары, ақынның өзін суреттегендей. Сөз оның киесі. Мінем де шабам демекші сөз оған қашанда қанат бітіреді. Себебі ол сөздің Иесі.
Әңгімені әріден өрбітетін Айт-Ман ағамның шешендігі қауға бойламас шыңырау. Бірде дейді Светқали аға, сырттан Сырым батыр алты жасар Адайдың баласына: “ Сені балама десем ат басындай алтын екенсің ғой-деп тәнті болыпты, сонда әлгі бала жұлып алғандай батыр аға анамыз нұрдан, атамыз будан болғанда ат басындай алтын болмай не бопты бізге десе, баланың сөзіне шамданып қалған батыр:”балақай бәрібір басыңда шот басындай мінің бар екен десе. “Қараңғының ісі қапырық емес пе?-ағау. Әкем мені түнде отбасында жасағанда, шот басындай мін кетсе кеткен шығар деп қарап отыр дейді.
Сол айтпақшы кісінің бойынан мін, адамнан айып іздейтін пендешілік қасиет Айт-Ман ағамызға тән емес екен. Мүмкін содан да болар ағамыздың алдынан адам арылмайтындығы.
Айтқыштығы бір төбе, ақындығы самал тау ағамыздың мен байқаған жақсы қасиеттерінің бірі кішіге қамқорлығымен адам арылмайтын ақ дастарханы. Қашан көрсең мама қаздай жан-жағынан жұртты жинайды. Суға түскен күннің сәулесіндей қай кезде көрсең де айналасына шуағын шашып, ақыл-кеңесін айтып отырғаны. Адам кімге үйіріледі? Жастар кімнен үлгі алады?Жанынан шуақ шашқан жақсыдан емес пе?
Сапарда жүрсе қазақтың өлісімен тірісін түгел түгендеп жүреді. Жас буынның жанына жалау болып жүретіндігі, болашақ Алашқа адал қызмет қылар арыс болар деген үміттен болар.
Бірде бір отбасында қонақта болдым. Үйдің дизайнына ішпей-жемей тойдым. Автордың жұмысына тәнті болдым. Кімнің жұмысы?-деп сұрасам. Светқали ағаның қызы Гүлмамырдыкі дейді.
Асылдың сынығы деген осы шығар бәлкім. Жақсының өзі түгілі, баласының өзі адал еңбегімен жұрттың жанына шуақ шашып жүр.
Алпыстың асқар беліне шыққаныңыз құтты болсын, Алаштың Айт-Ман ағасы. Жеңгей екеуіңізге Алла тағала адал келін бұйыртсын. Немере ұлдар оншақты, немере қыздар моншақты болып қызығына тоймай ортасында күліп-ойнап жүре беріңіздер.
Ізгі ниетпен: МАҚСАТ СҚАҚОВ