Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
16 желтоқсан, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Астанада кезекте тұрғандар пәтер кілтін алды

Астанада кезекте тұрғандар пәтер кілтін алды

Астанада кезекте тұрғандар пәтер кілтін алды
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтанда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы күні кезекте тұрған 400-ге жуық отбасы пәтер кілтіне ие болды. Оның ішінде «Отбасы банкі» арқылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кезекте тұрғандар бар. Желтоқсан айында 2 мыңнан астам кезекте тұрған отбасы әлеуметтік пәтерге ие болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй саны 10 мың пәтерге дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Жаңа қоныстанушыларға кілттерді елорда әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов табыс етті. Үйлер Есіл ауданында орналасқан (Е34 және Е44 көшелерінде).
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы күні қаланың жаңа ауданында жаңа пәтерлердің кілтін тапсыру мен үшін үлкен құрмет. Бүгін осы үйдің маңында біз ең заманауи жабдықтармен жабдықталған 4 мың оқушыға арналған BINOM мектебін аштық. Әрине, бұл ауданда әлі көп жұмыс бар. Инженерлік инфрақұрылым бойынша жұмыстарды жалғастырамыз, жолдар мен өтпе жолдарды, қоғамдық көлік жұмысын ұйымдастырамыз. Бірақ, ең алдымен, біз жұрт өмір сүріп, балаларын оқыта алуы үшін тұрғын үй мен мектеп ашамыз.
Болашақта бұл аудан елордадағы ең жайлы орындардың біріне айналатынына сенімдімін. Баршаңызға амандық, денсаулық, бақыт, табыс тілеймін! Қоныс тойы құтты болсын!» – деді Нұрлан Нұркенов кілттерді тапсыру кезінде.  width= Қоныс иелерін «Отбасы банк» АҚ орталық филиалы директорының орынбасары Жанар Ізімбетова да құттықтады. «Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен, сондай-ақ қоныс тойларыңызбен құттықтаймын! Жаңа үйлеріңізде береке мен молшылық болсын! Құрметті қоныс иелері, сіздерді жаңа баспаналарыңызбен құттықтаймын! Үйлеріңізге жылулық, денсаулық және жайлылық тілеймін!» – деді ол. Бибігүл Тұрабаева елордада 2007 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр. Бүгін ол баспаналы болған бақытты жандардың қатарында.
«Мен елорда тұрғынымын, №1 балалар ауруханасында медбике болып жұмыс істеймін. 2007 жылдан бастап тұрғын үй кезегінде тұрмын. Бүгін мереке күні баспаналы болып отырмын. Осындай маңызды оқиға бүгін болғанына қуаныштымын. Қазақстанның барлық азаматын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын! Баршаңызға бейбітшілік, жақсылық тілеймін!» – деп қуанышымен бөлісті Бибігүл Тұрабаева.
Ләззат Жанпейісова үшін бүгін қос мереке – оның балалары бүгін қоныс тойын тойлап жатыр, «осы мереке күні балаларым баспаналы болып отыр. Бұл қуанышымызды балаларыммен бөлісуге келдім». Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл Нұр-Сұлтанда 10 мың жеңілдікті әлеуметтік пәтер салынды. Тек соңғы үш жылда қолжетімді тұрғын үй саны 5,5 есеге артты. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер берілген болса, 2019 жылы – 2 900 әлеуметтік пәтер, 2020 жылы – 7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берілді. Биылғы меже – 10 000 әлеуметтік пәтер Сонымен қатар, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы биыл да жалғасын табады; сол сияқты жастарға арналған «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.