Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
13 желтоқсан, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Жүрсін Ерман: «Айтысты Nur Otan қанатының астына алғалы еркіндікті, кеңдікті, қуатты қолдауды сезініп келеміз»

Жүрсін Ерман: «Айтысты Nur Otan қанатының астына алғалы еркіндікті, кеңдікті, қуатты қолдауды сезініп келеміз»

Жүрсін Ерман: «Айтысты Nur Otan қанатының астына алғалы еркіндікті, кеңдікті, қуатты қолдауды сезініп келеміз»
ашық дереккөзі
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған «Тәуелсіздік – қасиетім, қастерлім!» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Екі күнге созылған жыр аламаны «Nur Otan» партиясының қолдауымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті деп хабарлайды newsroom.kz порталы.  Елордадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» залында суырып салма ақындардың 11 жұбы екі күн бойы айтыссүйер қауымды өрелі өнері, өрнекті сөздерімен сусындатты. Олар Тәуелсiз Қазақстанның 30 жылдағы жеткен жетiстiктерiн, Елбасы саясатының арқасында берекесі артып, бірлігі жарасқан елдегі ауызбіршілік пен саяси тұрақтылықты, Тәуелсіздік жолында жан аямай күрескен тұлғалар туралы жырлады. Арасында әдемі әзіл мен жарасымды қалжың да айтылды. Ақындардың өнеріне көрнекті өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы баға берді. Сондай-ақ, қазылар құрамында айтыс ақыны, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев және өзге де өнер, қоғам қайраткерлері болды. Аламанды  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық айтыс және жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді. Айтыстың шырақшысы атанған Жүрсін Ерман ата-бабаларымыздан мирас болып жеткен төл өнерімізге қолдау білдіріп келе жатқан «Nur Otan» партиясына алғысын жеткізді.
«Қазақтың бекзат өнері айтысты «Nur Otan» партиясы қанатының астына алғалы 3 жылдан асты. Еркіндікті, кеңдікті, қуатты қолдауды сезініп жатырмыз. Сондықтан, осы айтысқа қолдау білдіріп отырған еліміздің бас партиясына ақындардың атынан шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді Жүрсін Ерман.
Сонымен, қазылар алқасының шешімімен мерекелік айтыста ақындардың ешқайысы да жүлдесіз қалмады. Ынталандыру сыйлығына Арғынбек Қалбаев, Төлеген Жаманов, Бауыржан Ширмедин, Нұрзат Қару, Рауан Қайдаров,  Қалижан Бірдәш ие болды. Қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімовтің ұсынысымен тағайындалған арнайы жүлде Бөкен Жігерге берілді. Үшінші орынға екі ақын лайық деп танылса, оны Рүстем Қайыртай мен Жансая Мусина еншіледі. Екінші орынға Мейірбек Сұлтанхан ие болды. Бірінші орын мен «Айтыстың ақтаңгері» төсбелгісі Еркебұлан Қайназаровқа берілді. Ал бас жүлде – ­«Алтын домбыра» және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тағайындаған темір тұлпар жыр аламанында шашасына шаң жұқтырмаған Бекарыс Шойбековке бұйырды. Дүбірлі доданың бас жүлдесін тапсырған «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ұлттық өнерімізді ұлықтауға атсалысып жүрген азаматтарға және жыр бәйгесінің аламанына қатысқан барша ақындарға ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.  width=
«Айтыскерлеріміз екі күн бойы өте жақсы өнер көрсетті. Қаншама тұщымды ой, қанатты сөз айтылды. Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді жан-жақты көрсетіп, жырға қосты. Біз шын мәнінде Мәңгілік ел боламыз десек, онда айтысты қолдауымыз керек. Неге десеңіз, ол  – алдымен ана тілімізді қолдау. Содан соң, өнер жарыстырып, сөз сайыстыру болған кезде ақындардың шеберлігі шыңдалады. Қазіргідей пандемия жағдайында концерттер бұрынғыдай көп өте бермейтіндіктен, шығармашылық адамдарының табысына әсер етуде. Осының бәрін ескеріп, оның үстіне жас ұрпақ ұлттық өнерімізді ұмытпасын және ана тіліміздің абыройы асқақтасын әрі халық айтыс көріп, айызы қансын деген мақсат болды», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сондай-ақ, ол кіл мықтылар жиналған аламанда нағыз жүйрікті анықтау қазылар алқасына оңай болмағанын айта келе, інілік ізетпен ағасына жол берген түркістандық ақын Еркебұлан Қайназаровқа ризашылығын білдірді.
«Соңғы жылдары Елбасының тапсырмасы бойынша Түркістан шын мәнінде Түркі әлемінің рухани орталығы ретінде дамып келе жатқанын білесіздер. Қаншама құрылыс жүргізілген киелі шаһар бүгінде қайта түлеп жатыр. Осы жолы «Алтын домбыраның» иесі – Бекарыс Шойбеков. Енді «Алтын домбыра» да Түркістанға кетеді. Түркістан жұртын құттықтаймыз! Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз мәңгілік болсын!», – деді Бауыржан Байбек.
Өз кезегінде, бас жүлдені қанжығасына байлаған Бекарыс Шойбеков лебізін өлеңмен жеткізді:  Атыңнан айналайын Алты Алашым Саған келіп, кеңіді-ау арқа-басым. Азаттық алған күні басталған той, Қазақ аман болғанда тарқамасын! *** Біз енді Түркістанға бет аламыз, Бұйырса бірер күнде жете алармыз. Ол біздің төрт қақпалы қаламыз ғой, Танытпай оны қалай жата аламыз?! *** Ашып қой төрт қақпаңның төртеуінде, Арамызда жоқ біздің шекарамыз. Еркебұлан екеуміз қатарласып, Саған «Алтын домбыра» апарамыз!