Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
9 желтоқсан, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Оразгүл Қолдасова: Біздің тәтті жемісіміз балалардың білімі, тәрбиесі және өмірде өз орнының болуымен өлшенеді

Оразгүл Қолдасова: Біздің тәтті жемісіміз балалардың білімі, тәрбиесі және өмірде өз орнының болуымен өлшенеді

Оразгүл Қолдасова: Біздің тәтті жемісіміз балалардың білімі, тәрбиесі және өмірде өз орнының болуымен өлшенеді
ашық дереккөзі
«Оқу - білім азығы, білім – ырыс қазығы», - дейді дана қазақ. Бүгінгі сұқбатымызды Түркістан облысының орталығына айналған Түркістан шаһарындағы білім саласына арнағанды жөн көрдік. Қаладағы бүгінгі білім беру деңгейі қандай? Нәтижесі ше? Тәрбие беру жағынан қандай жұмыстар атқарылуда және шаһардағы білім ошақтары оқушылар үшін жеткілікті ме, сонымен қатар, алдағы Түркістанның 2025 жылға дейінгі даму жоспарына қосар үлесі қандай деген тақырыпта сұқбат өрбітуді жөн деп таптық. Сұқбаттасушымыз – Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразгүл Шайқықызы Қолдасова. - Оразгүл Шайқықызы, әңгімеміздің әлқиссасын қаладағы мектептердің санынан бастайықшы. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында қанша білім беру мекемесі бар? Балабақша саны ше? Жалпы, мекеменің құрылымдық жағына тоқталсаңыз. - Қазіргі таңда Түркістан қаласында 33 орта мектеп, 1 кешкі мектеп, бір мектеп-интернат бар. Шаһарда жалпы саны 111 балабақша болса, соның 20-сы мемлекеттік мәртебеге ие. Осы мекемелердің барлығында қазір 47 400 оқушы білім алады. Болашағымыз балалар үшін 5 мыңға жуық мұғалім еңбек етуде. Білім беру саласын басқаруға таяуда келсем де, ең бірінші жұмысты балалардың тәрбиесіне арнауды жөн санадым. Қазір өзім басқаратын саладағы барлық құрылымдарды, проблемалы мәселелерді толықтай зерттеп, зерделеу үстіндемін. Мүмкіндігінше, мектептің жағдайымен танысу барысында педагогикалық ұжыммен, педагог-психологтармен, әлеуметтік педагогтармен танысуға тырысып жатырмын. Дегенмен де, бүгінгі педагог-психологтар кім мектептегі? Психология деген негізі адамның жанын тану ғылымы емес пе? Ол құпияларды сақтайтын сенімді сандық іспеттес қой. Оның алдына келген ата-ана болсын, оқушы болсын, өзінің мәселелерін ашық айтып, жеткізе білуі керек. Мән-жайға қанық болған соң тиісті педагогтар мен психологтар  кәсіби көмегін беруі керек. Бұл ретте, маманның сан жылдық тәжірибесі болуы маңызды. Осы мәселелерді ой елегінен өткізіп, зерделей келе біздегі мамандардың біразы – 80 пайызы оқуын сырттай бітіргендер болып шықты. Осы ретте, қазіргі ҚР білім және ғылым министрлігіне рахмет айтқым келеді. Бүгінде педагогика мамандығына түсуші талапкерлердің шектік балын 75-ке дейін жоғарылатып, салаға анық қалап, ойланып келетін сапалы мамандардың жолын ашып, бір жүйеге келтіріп беру үстінде. Бұл өз кезегінде, педагогика саласына – ұлт болашағы – баланы тәрбиелеуге біліктілігі жоғары маманды тартуға оңды септігін тигізері сөзсіз.  width= - Жалпы, бүгінгі таңда балалардың тәрбиесіне байланысты көптеген мәселелер қозғалып, талқыланып жатады. Бала тәрбиесі жөнінен пікіріңіз қандай? Баланың тәрбиесіне жалғыз мұғалім жауапты ма, әлде ата-ана ма? - «Дұрыс қанаттанған, түзу ұшар» дейді қазақ халқы. Расында, балаларымыздың әрбір жетістігі біз үшін үлкен қуаныш. Олардың осы өмірден орнын тауып, дұрыс бағытта өмір сүруіне, керемет тұлға болуына барлығымыз да мүдделіміз. Бірақ сол керемет тұлға болу барысында, биікке дұрыс самғап, қанаттанып ұшу барысында біздің үлесіміз қандай болып жатыр ата-ана тарапынан, қоғам тарапынан, білім ұялары тарапынан, міне өзекті сұрақ осы. Әттеген-ай дейтін нәрселеріміз біз, көбінесе, баладан тек талап етеміз. Сен анандай бол, мынандай бол деп, оны бір зат сияқты қабылдаймыз. Осы ретте, баланың көңіліне, өміріне, түйсігіне, ұшқыр қиялдарына, армандарына көңіл бөліп жатқан ата-ана, қоғам, мұғалім қаншалықты деген тағы да бір өзекті сұрақ туады. Осы сұрақтарға жауап беру үшін біз баланың көңіл қалауын ұғып, жан дүниесін түсіне алып жатырмыз ба ата ана ретінде, ұстаз ретінде, қоршаған ортадағы үлкен ел ағалары, аналары ретінде? Бұл да маңызды сұрақ. «Бой жетпеген жерге ой жетеді» дейді. Себебі, біз оймен анау ғарышқа да барып келеміз, талай жерді шарлап келеміз. Айналдырған жарты сағаттың ішінде бірталай жерге оймен шарлап келеміз. Осы ойдың ұшқырлығы отбасыдан басталады ғой. Бұл психологияда толықтай дәлелденген. Тәрбиенің 60-70 пайызы 6-7 жасқа дейін беріліп қояды. Үйден. Тағы неге деген сұрақ туады? Неге, ол кішкентай бала ғой. Мектепке енді келіп жатыр. Ештеңені білмейді дейміз. Жоқ. Бала бірталай нәрсені біледі. Ненің ыстық екенін, оны ұстаса қолы күйетінін немесе бір биіктіктің шетінде тұрса құлап кететінін, құлап қалса аяғы сынып, басы жарылатынын дегендей көп нәрсені 6 жасқа дейін біліп келеді. Ал мектепте соны ғылыми тілде үйретеді, атын атап, түсін түстейді. Мысалы, жерге құлау физиканың тартылыс заңы ия. Сол секілді. Ал бірақ біздің ұғымымызда бала бұзықшылық жасап қойса, бала мектепке келді, ол әлі кішкентай, мектеп не үйретіп отыр, мұғалім не істеп отыр деген сынды мәселелер туындайды. Негізінде, баланың тәрбиесіне тек мұғалімдер ғана емес, барша қоршаған ортасы жауапты. Әсіресе, ата-ана, қоғам. Яғни, олардың түзу жолда жүруіне баршамыз да жауапты болуымыз қажет. - Иә, әрине, баршамыз да жауаптымыз. Сол, баланың бұрыс жолға түспеуі үшін, жақсы жолға бағыттау үшін не істеуіміз керек? - Жалпы, бала өмірге 26 қасиетпен келеді екен. Оның көп бөлігі, көбінесе, ашылмаған күйі қалады. Баланы жан-жақты дамытып, түрлі кереметтей қасиеттерді ашатын нәрсе түрлі салаларға баулитын үйірмелер екен. Осы мәселені зерттеп, зерделегенімізде, осындай тұжырымға келдік. Бұл баланың мектептен тыс уақытта бос уақыты болмауына жағдай жасайды. Осы бос уақыты болмау үшін оларды жаны қалайтын, сүйіп оқитын немесе айналысатын үйірмелерге көбірек қатыстыруымыз  керек. Бізде – Түркістанда балаларды үйірмеге қатыстыру бойынша пайыздық көрсеткіш төмен екенін байқадым. Бүгінгі таңда осы мәселе айналасында көбірек жұмыс істеп жатқан жағдайымыз бар. Қазір қала бойынша 25795 бала түрлі үйірмелерге қатысып жатса, соның 18498-і спорт секцияларындағы үйірмелерде екен. Соның нәтижесінде, ұлттық мектеп лигасы аясында спортқа қызығушылығы бар №18 мектептің балалары таяуда үлкен жеңіспен оралып, чемпион атанды. Бала 1-сыныпқа аяқ басқан кезде үш жүйесі болады. Тыңдау, көру және есту. Бастауыш сыныптарды байқап отырсаңыз, көбінесе, сезу жүйелері жақсы болады. Сондай кезде, мысалы, бір мұғалім оған келіп, «жазу жазып отсың ба?», «жазған жазуың қандай әдемі!» деп басынан сипап өтсе, арқасынан қағып дегендей, осы нәрсені жақсы қабылдайды балалар. Біздер қазір қаламызда әкелер мектебін қалыптастыруға атсалысып жатырмыз. Бұл, өз кезегінде, оқушының жан-жақты қолдау тауып, түрлі бағытта дамуына тікелей әсері мол деп санаймын. - Пандемияның кезінде, балалар қашықтықтан онлайн режимде оқыды. Араға 1,5 жыл салып мектепке қайта оралды. Қазір барлығы да бұрынғыдай дәстүрлі білім беру жүйесімен білім нәрімен сусындап келеді. Осы кезеңде нені байқадыңыздар?  - Иә, пандемия кезінде оқшауланып қалдық. Осы мерзім ішінде оқушы мұғалімді, мұғалім оқушыны сағынғаны рас. Көп нәрсенің қадірі білінді. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей балаларды қашықтықтан оқыту ата-аналар үшін үлкен қиындық тудырды. Осы жерде мұғалімнің еңбегі анық білінді. Білесіз бе, қазір сабақ барысында сыныптарды аралау барысында шәкірттердің көзінен үлкен қуанышты көрем, құрметті көрем, сыныптастарына деген, ортаға деген, мұғалімдерге деген. Бала жақсы оқу үшін ол бірінші пәнді емес, мұғалімді жақсы көреді. Ұстазға деген құрметтен кейін барып, сол адамның беретін пәніне ықыласы ауып, пәнді жақсы көре бастайды. Сондықтан, біздер қазір мұғалімнің біліктілігін арттырып, нәтижесін шәкірттерінен көрсетуін талап етіп жатырмыз. - Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында білім саласына үлкен екпін береді. Бұрын-соңды болмаған педагог қауымның мәртебесін көтеру туралы заң қабылданды. Нәтижесінде, ұстаздардың жалақылары кезең-кезеңімен көтеріліп жатыр. Салаға қомақты қаражат бөліп, бұл мұғалімдер мәртебесінің көтерілуіне айтарлықтай әсер етуде. Сіздің ойыңызша білім саласы қазір қандай деңгейде? Педагогтың білім деңгейі жоғары жалақыға сай келіп жатыр ма? - Өте тамаша сұрақ. Біздер бұрын педагог мәртебесіне байланысты, бірінші, екінші, жоғары категориялы ұстаз деп айтатын болсақ, қазір бөліп-бөліп қойды. Модератор, зерттеуші, сарапшы, педагог-шебер дегендей. Мұғалімдердің осы алған біліктіліктеріне қарай тағы да қосымша айлықтары көбейіп жатыр. Енді осы алған біліктілікке қарай біздің оқушылардың нәтижесі қалай болып жатыр деген сауалға келсек, бүгінгі таңда жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты мұғалімдеріміздің барлығы жаңартылған білім мазмұны бойынша оқып болды. Сол алған білімдерінің өзіне мемлекет қыруар көлемде қаржы жұмсады. Осы алған білім-біліктіліктеріне байланысты мұғалімдер сабақтарын дұрыс жүйеге қойды. Бұрын мектептегі балаға екілік, үштік, төрттік, бестік баға қоятынбыз. Ал қазір ондай баға жоқ. Жинақталған қалыптастырушы бағалаулар қойып жатырмыз. Бұл баланың түрлі салаларға сай біліміне шектеу қойып тастап, белгілі бір бағамен тоқтатып тастамайды. Яғни, кейбір бала гуманитарлық білімдерге жақын болғанымен, жаратылыстану біліміне қызығушылығы аздау болуы мүмкін. Ал кейбірінде керісінше. ҚР Конституция Заңымен көрсетілген. Бала 11 жылдық біліммен қарулануы керек. Бірақ соның ішіндегі бағыттарды таңдауға мүмкіндігі бар. Осы бағыттарды таңдау барысында мұғалімдеріміз де осы білімдерді соған сай беруі керек.  Оның нәтижесін алдағы уақытта көреміз деген ойдамыз. Қазір небары бірінші тоқсанды оқыды. Пандемия кезінде оқушылардың үйде отырып қалғаны бәрібір де әсер етіп жатыр. Қазір мектепке бейімделу үстінде. Алдағы екінші, үшінші, төртінші тоқсанда елдің іші ауру-сырқаудан тыныш болып жатса, мұғалімдердің де, оқушылардың да біліктіліктерін арттырамыз деген жоспарымыз бар. Ал Президенттің жыл сайынғы Жолдауына байланысты айтарым, мен қазір апта сайын Мемлекеттік құжаттағы  тапсырма қалай, ал біз жасап жатқан жұмыс қалай деп үнемі талап етіп, сұрап отырамын. Неліктен сонша қаражат мемлекеттен бөлініп жатыр? Оны әрбір мұғалім сезінуі керек. Мемлекеттің әрбір бөлінген қаржысына біз жауап бере алуымыз керек. Оның арғы жағында біздің балаларымыздың білімі, өмірі, ертең шығар биігі тұр. Сондықтан, менің қазіргі талабым - осы Жолдауды аптасына бір рет қарап, сол жердегі жұмыстар мен балалардың тәлім тәрбиесі туралы сұрастырып, үнемі талап етіп отырамын. Атап айтқанда, 45 минуттық сабақта уақытты жәй өткізіп жатқан мұғалімдер бар ма, олардың алып жүрген айлықтарына жауап беретін нәтижесі бар ма? Біздің тәтті жемісіміз партада отырған балалардың білімі, тәрбиесі және өмірде өз орнының болуымен өлшенеді ғой. Сонымен қатар, балаларды  функционалды білімге баулуға тырысып жатырмыз. Өйткені, жаттанды білімнің өмірі ұзаққа бармайды деп ойлаймын. Сондықтан, функционалдық жауаптылыққа мұғалімдер көбірек көңіл бөлуі керек. Осының барлығын тең қалыпта ұстай білсек баланың өмірден ойып тұрып орын алары сөзсіз. Сұқбатыңызға рахмет!