Шағын ғана сұхбатты оқып шықсаңыз тың деректерге жолығасыз!
— Табыл аға, ашаршылық жайлы мұрағат материалдарын үнемі жариялап келесіз. Бұл жолы Башқұртстанға жолыңыз түсіпті. Бауырлас елдің мұрағатынан елге қатысты тың дүние кездестіре алдыңыз ба? — Бұл сапарым жаман болмады. Қанжығамда жаңалық көп. Біздің елге де қатысты тың деректерге кезіктім. Сөзді мынадан бастағым келіп тұр. Біздің кейбір ғалымдар ашаршылықта қазақ даласында 4 млн-дай адам қырылды деген мәлімет ұсынады. Бұл — жалған ақпарат. Қырылған халықты аз көрсету арқылы нені көксейтіндерін түсінбеймін. Осы сапарымда Башқұртстандағы Республикалық мұрағаттан 1921-22 жылғы ашаршылық салдарынан одақ бойынша 6 млн. адам өлді деген дерек таптым. Құпия дерек. (Ал 1931 жылғы аштық бөлек әңгіме). Ашаршылықта қазақтан көп қырылған халық жоқ. Демек, менің есебім бойынша 1921-22 жылғы ашаршылықтың өзінде қазақтың 3 млн-дай адамы жер жастанған. — Алапат аштық Башқұрт халқына да оңайға соқпаған болар? Оларға тигізген зауалы жайлы да айта кетсеңіз. — Әрине, қолдан жасалған ашаршылық бұларды да айналып өтпеген. 1921 жылы басталған аштық 1922 жылы жалғасып, Башқұртстан губернияларында 421.352 адам, 368.330 балалар аштық ауыртпалығын тартып, ауру-сырқау меңдеп, көбі өлім құшыпты. (ГАЧ.оф.380.оп.1.д.18.п21.24.) Аштықтың кесірінен әлсірегендерді қуаты барлар тамыз айында (86 адамды) сойып жей бастаған. Уральскіде — 84, Троицкіде — 5, Миасскомда — 7, губерния бойынша 98 адамды сойып жеген. (ГАЧ.о.ф.380.оп.1д18-37.) Міне, жан шошырлық фактілер. Ел болғасын көсемсіз бола ма? Башқұрт халық қозғалысының басшысы А.А.Валидов Кеңес басшыларының жүргізіп жатқан саясаттарын әшкерелейді. Өйткені «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран бұл жаққа да жеткен еді. Оның құнды ұсыныстары нәтижесіз қалып, көп кешікпей губернияларда аштық өрттей лау ете түседі. Архив құжаттарына сүйенсек, 1921 жылдың бірінші қаңтарында Уфа губерниясында 13 миллион пұт астық, 2.2 мың пұт май, 12 миллион дана жұмыртқа, Кіші башкерия бойынша 2.2 миллион пұт астық, 6.2 пұт май жиналған. Шаруаларда 39 мың ірі қара, 82 мың қой, ешкі болған. Оларды да сыпырып алған. Ара өсіруден жиналған 2.2 пұт бал да тәркіленген. Ол аздай 1921 жылғы қуаңшылық қосылып, азамат соғысы қалжыратқан елде аштық басталады да, халық көтерілісіне ұласады. Арынды өзендердің бойымен аққан өліктер жағалауларда шашылып жатты дейді бізге жеткен дерек. — Демек, қызыл империя оларды да аямаған екен-ау?... — Бір «қызығы», апат ошағының ұлғая бастағанын сезінген қызыл империя Мәскеудің қол астындағы аз ұлттарға «жылы шырай» танытқан. Мысалы, сол уақытта Америка, Швеция, Норвегия, қызыл крест қоғамдары аштықтың алдын алу үшін азық-түлік вагондарын жөнелтіп отырған. Мұны Ресей дабырайтып көрсетпеген. Жасырған. Сырттан жеткізілген көмектің қанша екені әлі күнге жұмбақ. Алайда, ең сорақысы, Қазақстанды мұндай жәрдемнен тыс қалдырған. Осының өзі-ақ қазақ ұлтын жойып жіберуге бағытталған қадам деуге жетіп жатыр! Меніңше, Ленин бастаған қызыл империя алаш қайраткерлерінен қатты шошыған. Оларға сенімсіздік танытқан. Қалайда ұлтты құртып жіберуге тырысқан ғой. Себебі большевиктердің бағдарламалары мен заңдарының көбін Алаш көсемдері түзеді. Сондықтан да, олар “социализмге бірден-бір қауіпті жұрт — Алаш” деп ұғынғаны кәміл. — Сөзіңіздің түбіріне үңілсек, шеттен келген азық-түлік бауырлас башқұрт халқын аштықтан құтқарып қалды дегенді меңзейді. Оған қандай нақты дәлелдеріңіз бар? — Жері құнарлы да құтты өңірде ашыққан халыққа 1922 жылдың 6 қаңтарында «Винкобого» су кемесі 5.900 тонна жүгері дәні және басқа да азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізген. Әлгі шетелдің көмегі 5250 ашыққан балаларды асыраса, 1921 жылғы желтоқсандағы дерек бойынша 75 000 баланы аштықтан қорғау керектігін мәлімдеумен қатар (ЦГИАРб ф.р.-О1О1.оп 1.д.70.л.29-30) балалар өлімі 40 пайызға, емшектегі сәбилер өлімі 75 пайызға жеткенін қамтып айтылады. Сол тұста Америка әкімшілігі ашыққандарға көмек есебінде 29 тамызда Ригадан Мәскеуге 8 вагон, 30 тамызда 14 вагон толы азық-түлік жөнелтілгенін «Правда» газетінің 1921 жылғы 3 қыркүйегіндегі санында жазған екен. Елді аштықтан құтқару үшін құрылған 2222 асханадан 276 686 адам тамақтанып тұрған. «Правда» газетінің жазуынша, РСФСР-да 1922 жылдың 1 тамыздағы мәліметінде 9 миллион 554 мың 575 адамға өмірін жалғауға Америка азықпен көмек бергені ашық айтылған. (АРА) (ГАРФ. Ф.р.1058.оп1.д.532.л.99а). Ал бұл жердегі мұрағат деректерінен аштан қырылып жатқан қазақ еліне аз да болса көмек болды дегенді өз басым кездестіре алмадым.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК