Арам ойлап қалмаңыздар! Қодар мен Қамқаның өсегіндей іс жоқ бұл жерде деген newsroom.kz порталының оқырманы бізге жазған өз хатында қызмет істеп, ел билеп үйренген енесі мен мамандығы мұғалім әрі мінезі момын қайынатасының арасында екі отқа түскенін айтуда.
«Күйеуіммен сүйіп қосылдым. Төрт жыл университетте жүріп, бір-бірімізді әбден танып тұрмысқа шықтым. Құдайға шүкір, бүгінде үш бала өсіріп отырмыз. Жолдасымның мен дегенде шығарға жаны бөлек. Бірақ ата-енемізбен бірге тұрамыз. Кезінде бір үйдің ерке қызы болып өскен енем ірі қызметтерде істеген. Айналасының бәрін жұмсап, ұнамағандарын сынап-мінеп отырады. Әрі өзі орыс тілді қазақ. Мен болсам, ауылда ата-әжемнің қолында өскен қазақы қыз едім. Осы әулетке келгелі енеме еш жақпадым. Қайынатам болса оның антонимі іспеттес. Аузын буған өгіздей енеме еш сөйлеген емес, орысша боқтықпен сыпырып жатса да, басын шұлғып отыра береді. Мектептегі жұмысы болса басқасы уайым емес. Кезінде енеме ірі қызметі мен мықты қайынжұрты үшін үйленген деген сыбыс бар. Бірақ жарықтық қой аузынан шөп алмастың өзі. Балам, дегеннен артық бір сөзі жоқ. Күйеуім болса, органда. Күні-түні жұмыста. Кешке келіп, балдарды бір сүйіп, екі аяғымен мені қысып ұйықтағанына мәз. Үйдегі жағдайды айтсам, шешесімен жата кеп ұрысады. Сосын амал жоқ, дымым ішімде қалады. Ажыраспайын десем, адуынды енем, апшымды қуырып аздырып өлтіретін болды» - деген келіншек әдеттегі қазақтың әйелдері секілді аты-жөнін айтпауды жөн көрді.
Портал тілшісінің отбасылық саясат, тұрмыстық зорлық-зомбылық, гендерлік теңдік жайындағы сұрақтары мен осы терминдерді естіген келіншек, басын шайқаған күйі бұл оған жат екенін, ертең бір жерге шағымданып, қағазға қол қойып жатса, туған-туыстары мен құда-жекжатқа не бетімен қарайтынын айтып, жоғарыдағы әңгіменің барлығын жәй шер тарқату үшін еді деп жылы қоштасты...
Егер Сізде де ішіңізге сыймаған, жаныңызды қинаған әңгімелеріңіз болса, newsroom.kz порталы құпиялық сақтап жариялауға әзір. Ол үшінinfo@newsroom.kz поштасына хат жазсаңыз болғаны!