Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
30 қазан, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қазақ халқының 50 ғасырлық тарихы туралы кітаптың таныстыру рәсімі өтті

Қазақ халқының 50 ғасырлық тарихы туралы кітаптың таныстыру рәсімі өтті

Қазақ халқының 50 ғасырлық тарихы туралы кітаптың таныстыру рәсімі өтті
ашық дереккөзі
Кеше Халықаралық Түркі академиясының жаңа ғимаратында әйгілі академик, қазақ антропологиясының негізін қалаушы Оразақ Смағұловтың Айнагүл Смағұловамен бірлесіп жазған «Қазақ халқы мен оның ата тегіне орай антропологиялық очерктер» атты жаңа еңбегінің таныстыру рәсімі өтті, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  width= Алқалы жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі,  Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия елдерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілері, ҚР ҰҒА академигі Оразақ Смағұлов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Қуаныш Сұлтанов, белгілі ғалым Айнагүл Смағұлова, халықаралық ұйым басшылары, сонымен қатар депутаттар, дипломаттар, жоғарғы оқу орындары мен зерттеу орталықтарының басшылары, танымал түркологтар қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен жарық көрген іргелі еңбек Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып отыр. Жаңалығы мол ғылыми еңбек төрт тілде – қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде әрқайсысы жеке-жеке кітап ретінде басылып шықты. Кешенді антропологиялық зерттеу жұмыстарының қорытындылары негізге алынған бірегей басылымның лентасын Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев кесті. Іргелі еңбекте абыз ғалым қазақ халқының Ұлы Даланы елу ғасырдан бері мекен еткен автохтонды жұрт екенін бұлжымас ғылыми айғақтармен дәлелдеп берді. Бірегей басылымға арқау болған антропологиялық зерттеулердің нәтижелері әлемге танымал ғалымдар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Жаңа еңбек туралы пайымды пікірлерін білдірген көптеген белгілі ғалымдардың айтуынша, әлемнің ешбір ұлтында тамырын 5000 жылдық тереңнен тартатын тұтас тарих ғылыми айқындалмаған. Сондықтан аталған туынды әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы айтулы жаңалық саналады. Кітап зерттеу нәтижелерін көрсететін құнды фотодерек, жаңғыртпа сурет, ғылыми сызбалармен безендірілген.