Елорда тұрғыны әлеуметтік желіде «Сергек» бейнебақылау жүйесінің бағаны үстіне құлап, салдарынан аяғын жарақаттағанын айтып шағымданды, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы.
Қала тұрғыны Instagram желісіндегі пабликтердің бірінде: «Сығанақ көшесі, 11 мекенжайында, «Sunrise» тұрғын үй кешені маңында сағат 13:20-да бағдаршамды күтіп тұрғанымда «Сергек» бағаны үстіме құлады. Абырой болғанда бір қадам артқа шегініп үлгердім. Әйтпесе басыма құлар еді. Кімге шағымдануға болады? Өлімге бір ғана қадам қалдым», – деп жазады.
Сонымен қатар ол бағанадан зардап шеккен аяғының гипспен оралған суретін көрсетті және өзінің жұмыссыз қалғанын атап өтті.
Бұл шағымға қалалық полиция департаменті жауап берді.
«Осы жылдың 23 қазанында Сығанақ көшесі бойында «Sunrise» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы жерде жолдан өтпек болған 45 жастағы әйел «Сергек» камералары ілінген металл бағанның құлауы салдарынан аяғын жарақаттап алды. Аталған факті бойынша Есіл аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады, тексеру жүріп жатыр», – деді полиция департаментінің баспасөз қызметінен.