ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығыда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ортағасырлық жазба деректердегі Қазақ мемлекеті» атты көрменің тұсаукесері өтті деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Көрмеге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов және зиялы қауым өкілдері архив, кітапхана, музей қызметкерлері, жоғарғы оқу орындарының магистранттары мен докторанттары және қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілді. Бұрын бәймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты» деген болатын. Осы ретте, мемлекет тарихын, ұлт тарихын зерттеуде және оның ғылыми айналымға түсуіне жазба деректердің алатын орны маңызды. Жазба деректер – әр елдің, ұлттың, жердің тарихынан, мәдениеті мен рухани өмірінен мол мәлімет беретін құнды мұра, рухани байлық екендігін жас ұрпақтың санасына сіңіру, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Қаһарманұлы.
Көрмеге Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында жинақталған Қазақстан тарихына қатысты сирек кітаптар, хандардың хаттары, карталар қойылған. Атап айтсақ, алты тарихи еңбек (парсы тілінде), төрт карта және оншақты тарихи құжаттардың көшірмесі қамтылды.
Сонымен қатар, айтулы тұсаукесер рәсімінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов бұл көрменің тарихи маңызына тоқталса, ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Есімсейітқызы тарихи құнды мұраларды жинақтау, сақтау және оны ғылыми айналымға енгізу жұмыстарының ерекшеліктерін айтты.
Сондай-ақ, ғылыми-мәдени шарада Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері әннен шашу шашты.
Аталмыш көрме желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.