Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
10 қыркүйек, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды

«Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды

«Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды
ашық дереккөзі
Түркістан қаласында «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауы биылғы жылы 7-ші рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды newsroom.kz. тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2013 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауы биылғы жылы 7-ші рет ұйымдастырылды. Бүгін Түркістан қаласында аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде топ жарған жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып өтті. Қоғамдағы отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған байқау қорытындысына арналған салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Түркістан облысының «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығының Президенті Шәріпбек Жамалбек, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Сариев және байқау жеңімпаздары қатысты. Алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов: Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық. Мәңгілік ел болуды мақсат тұтқан Қазақ елінің әрбір отбасының мерейі үстем болғай. Марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын» деп байқауға қатысқан барлық отбасы мүшелеріне алғысын білдірді. Байқау үздіктерін анықтау үшін арнайы құрылған комиссия шешімімен тартысты, тағылымды бәйгеде алдына қара салмай, оқ бойы оза келген «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық конкурсының 1 орынымен Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылының тұрғындары Жамаловтар отбасы марапатталды. 2 орын Түркістан қаласының тұрғындары Усербаевтар отбасына бұйырды. Байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Естеріңізге сала кетейік, «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауына қатысу үшін биылғы жылы облыс бойынша 184 отбасы өтініш білдіріп, облыстағы барлық аудан, қалаларда ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 30 отбасы жеңімпаз атанған болатын.