28 қыркүйекте Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мұстафа Шентоп пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллинның қатысуымен Халықаралық Түркі академиясы Юнус Эмре жырларының түрікше-қазақша жинағын таныстырды, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы.
Алқалы жиынға екі спикермен бірге, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ТүркПА Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан мен Түркия парламент депуттары, сондай-ақ, бауырлас елдердің мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанаты жиынды Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі жүргізді.
Түркі академиясы Юнус Эмре және түрік тілі жылы аясында баспаға әзірлеген аталған бірегей басылымға танымал қазақ ақыны Светқали Нұржанның әдеби көркем аудармалары түпнұсқа мәтіндермен қатарластыра беріліп отыр. Кітапқа ақын өлеңдерінің бұрын жарияланбаған жаңа тәржімелері де енді. Бағалы басылымның лентасын Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп пен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин кесті.
Тұсаукесер рәсімінен кейін сөз алған доктор Мұстафа Шентоп Юнус Эмре рухының өзінің ұстазы Қожа Ахмет Яссауи жатқан киелі Түркістанға келуі символикалық мәні зор айтулы оқиға екенін атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нигматуллин келелі жиынның екі ел арасындағы бекем бауырластық нығайып келе жатқанының айқын белгісі екенін айтты.
Жиын соңында мәртебелі қонақтарға Академияның бағалы басылымдарды тарту етілді.
Айта кету керек, биыл Юнус Эмренің дүниеден өткеніне 700 жыл толды. Осыған орай Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған 2021 жылды «Юнус Эмре және түрік тілі жылы» деп жариялады. ЮНЕСКО ұйымы кемеңгер ақынды еске алу жылын жаһандық деңгейде атап өтуге шешім қабылдады.