Семейліктер 4 айдан бері автобус азабын тартып келеді
Семейліктер 4 айдан бері автобус азабын тартып келеді
ашық дереккөзі
Семейдегі 18-подстанция тұрғындары төрт айдан бері автобус көрмеген. Арнамызға шығыстағы шаһардың тұрғындары хабарласып, шағым айтты. Қоғамдық көлік қатынамағасын, ел-жұрт қалаға тек таксимен қатынайды. Ал қаржысы жетпегендер бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Егде жастағылар мен балаларымыз бар деп қам жеген семейліктер алдағы қыста қайтерін білмей отыр, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Асфальтты жолмен жаяу кетіп бара жатқан бір топ адам - Семейдің 18-ші подстанция тұрғындары. Қаладан 6 шақырым жердегі ауданға белгісіз төрт айдан бері себептермен қоғамдық көлік қатынамай қойыпты.
АЙЖАН НҰҒЫМАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:"Күнделікті дәрігерге барамын. Жаяу-жалпылы жүрем. Анау жолы қаншама больницаға бардым. Соның түгелінде такси жалдап, күнделікті сөйтіп жүрдік. Автобус жоқ".
Подстанцияда 500-ден аса жан тұрғанымен, не мектеп, не дәріхана, тіпті дүкен де жоқ. Сондықтан халық азық-түлік пен керек-жарақ үшін шаһарға жиі қатынайды. Автобус жүрмегелі мұндағылар таксиге тәуелді. Бірақ, қыруар қаржы талап ететін тасымалдаушылар соңғы уақытта шақыртуға келмейтін болыпты.
ӘЛИЯ ДАЙЫРБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:"Такси шақырамыз. Такси келмейді. Жол жаман дейді. Жаяу барамыз, келе жатқан машинаға қолымызды көтереміз. Ал бізде 1000 төмен бізде ешкім жүрмейді. 2000 мың дейді".
АЙБИБІ ТӨЛЕУТАЙОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: "Балалар мектепке барады. Біз жол бойында ылғи машиналар тоқтатып, ақ жаулықта аналар, үлкен кісілер жолда жүреміз. Мусорымыз жақын, иттер қосыла жүреді бізбен. Біреумізді жеп қойса, ертең кім жауап береді?".
18-ші подстанция тұрғындарының шағымынна соң Семей әкімдігіне хабарластық. Шенеуніктер бұл мәселеден хабардар екен. Неге төрт айдан бері 6 шақырым жерге автобус қатынасы тоқтатылды деген сауалымызға былай деп жауап қатты.
НАЗЫМ ЖАНБОЛАТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ СЕКТОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: "Осыған дейін "Семей-Бус" ЖШС қызмет көрсеткен болатын. Ағымдағы жылдың 16-шы сәуірінде осы компаниямен келісімшарт бұзылғандықтан, бізде көп маршрутта қиыншылықтар болды. Бірақ, оның бәрі артта деп ойлаймын + Жаңақұрылыс 18-ші подстанция арасындағы 54-ші маршрут бүгіннен бастап өзінің жұмысын қайта бастады. Осы подстанцияда тұратындарды көлікпен қамтамасыз етеді".
Семей атқамінерлері жоғарыда аталған ауданнан мектеп оқушыларына да арнап автобус жібермек. Арнайы бағдардың қозғалыс кестесі ата-аналар мен педогогтерге хабарланады дейді.