Бүгін елімізде халық санағы басталды. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші жалпыұлттық санақ. Биылғысының бір ерекшелігі бар - бұрынғы қағаз-қаламды сандық технология алмастырды. Елді пандемия жайлаған уақытта бөгде адамның босағадан аттағанын қаламайтындар үшін арнайы сайт іске қосылды. Азаматтарымыз 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz порталына өз деректерін енгізіп, санаққа қатыса алады. Ал, инновациядан именетін, бетпе-бет жүздесуге сенетін жұрт үй-үйді аралайтын интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасаған
newsroom.kz. порталы хабарлайды.
НҰРБОЛАТ АЙДАПКЕЛОВ, ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: "Сайт тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істейтін болады. Онлайн санақтан өтпегендер қазан айының 1 мен 30 аралығында біздің интервьюерлердің сұрақтарына жауап беруіңне болады. Толық ақпаратты sanaq.gov.kz сайтынан немесе 1446 телефонынан алуға болады. Барлық тұрғындарды халық санағына белсене қатысуға шақырамыз. қазақстанда әркім маңызды".
Биылғы халық санағында 91 сұрақ бар. Алайда бұл азаматтар сауалдың барлығына жауап береді дегенді білдірмейді. Себебі, санақ парақтарында шетелге кеткен немесе елге келген адамдарға, тек қана әйелдерге қойылатын сұрақтар бар. Сондай-ақ, үйдің жағдайына қатысты сауалдарға тек үйдің иесі жауап береді. Биыл санақта "Шетелге көшу жоспарыңызда бар ма?" деген сұрақ қосылды. Ол халықаралық ұйымдардың талабы бойынша әлемдегі көші-қон процестерін білу үшін енгізілген. Бұдан бөлек жұмыспен қамту, неке, тілдерді меңгеру, табыс көздері, мүгедектік, діни қөзқарасы туралы сауалдар бар. Мамандардың айтуынша, онлайн халық санағы азаматтардың небәрі 20 минутын алады екен. Ұлттық статистика бюросы сайт арқылы санаққа қатысудың видеонұсқаулығын да дайындап, желіге жүктеп қойған.
https://www.youtube.com/watch?v=fQAoAPa_4ck