Ақтөбеде білім күнінің быт-шыты шықты. Бір мезетте алты бірдей мектепте Білім күніне арналған жиын тоқтатылды. Полицейлер мен өрт сөндірушілер ғимаратты қоршауға алып, мектепке жиналғандардың барлығын қауіпсіз жерге көшірді. Елді дүрліктіген не жағдай? Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасында айтылды деп хабарлайды
newsroom.kz. порталы.
АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ: "Біз қазір Ақтөбедегі №2 мектеп-гимназияның жанында тұрмыз. Білім күніне арналған сатанатты жиын бұл мектепте сағат 8-ге жоспарланған. 8-ден 8-30-ға дейінгі шара қалыпты жағдайда өткен. Ата-аналардың айтуынша, сағат 9-дағы шараға жиналған сәтте, аумақты полицейлер қоршап, барлығын қауіпсіз жерге көшіріпті. Айтуларынша, мектепке жарылғыш зат қойылған деген".
Полицейлер ғимарат жанына ешкімді жолатпайды. Өрт сөндіру қызметі бар, жедел жәрдем көлігі барлығы мектептің жанында тұр. Иісшіл иттерін жетектеген кинологтар да келіп жетті. Оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар мектеп маңын айналсоқтап кететін емес. Бәрінен бұрын баласын бірінші сыныпқа алып келген ата-аналардың көңіл күйі түсіп кеткен.
АҚҚАНЫМ ЖҰРЫНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Отойдите школдан, қазір кіруге болмайды, деді. Кіріп, қайта шығып кеттік. Күтіп тұрған балаларымыз. Мынау не масқара, балаларды мучить етіп? 1 класс, линейканы да көрген жоқ".
«Жарылғыш зат» туралы жайсыз хабар қаланың 12-ші шағын ауданындағы мектептерге де жеткен. Құтқару қызметтері бір аулада орналасқан екі бірдей мектепке дереу жеткен. Маңына жан жуытпайды. Саперлер жұмыс істеп жатыр.
ЖӘМІШ БАЛҒЫМБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Таңертең тыныш болды ғой. Бір немерем барып келді. Мынадай естідік ғой. Кейін қарай қайтамыз. Апайын көреміз ба деп едік. Қолындағы гүлі мен қағазын беріп. Былтыр 1 класқа да бара алмады ғой линейкаға. Бірінші рет келе жатыр еді, болмай қалды».
Білім күнінің берекесін қашырғанның кім екенін полицейлер анықтайтын болады. Ал облыстық білім басқармасы хабарлама алған бойы, 6 мектептегі шараны дереу тоқтатқан. Қалған 418 мектепте сабақ жалғасатынын мәлімдеді.
"Сағат 08.30 шамасында №2 орта мектептің электронды почтасына Ақтөбе қаласының 6 мектебінде (№1, 2, 22, 21, 51, 56 орта мектептер) бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Барлық шұғыл қызметтер мен саперлер тобы дереу оқиға орнына шықты, оқушыларды, мектеп ұжымын эвакуациялау ұйымдастырылды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды".
АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ РЕСМИ ПАРАҚШАСЫНАН
Бұл баптың санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. "Жалпы, жарылғыш зат қойылды" деп, жалған қоңырау шалып, не электронды почтаға хат жазып жіберу соңғы кезде «қалыпты» жағдайға айналып барады. Жылдың басында екі рет мектеп-гимназияға бомба қойлды деген шақырту түсіп, кейін жалған екені анықталған еді. Ал полицейлер мектептің электронды поштасына үрей туғызатын хатты кім жолдағанын сол күйі таппады.
https://www.youtube.com/watch?v=IMGhvzFfCkk