Арыс қаласының әкімі Еуразия кубогы мен Alash Pride халықаралық турнирінің чемпионын қабылдады, деп хабарлайды
newsroom.kz.тілшісі.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Еуразия кубогы мен Alash Pride халықаралық турнирінің чемпионы, халықаралық деңгейдегі және әскери жекпе-жек ұрыстан спорт шебері Мақсат Есболатты қабылдап, кезекті жеңісімен құттықтады.
Арыс қаласының тумасы Мақсат Әлішерұлы 21 тамызда Алматы қаласында ұйымдастырылған Alash Pride 67 турнирінің негізгі кардындағы жекпе-жекте 70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, өзбекстандық споршыдан басым түскен болатын. Ел абыройын асқақтатқан оғланмен кездесу туралы сөз болғанда қала әкімі Гүлжан Мамытқызы спортшыдан бұрын оның ата-анасына құрмет көрсету қажеттігін атап өтті. Осылайша, ұлының жеңісіне марқайған ана Ұлбике Орынбайқызын қала әкімі құттықтап, ақ орамал сыйға тартты. Иығына барқыт қамзол жауып, алғыс айтты.
Сондай-ақ, еліміздің көк Туын биікте желбіреткен Мақсат Әлішерұлына «Қолғабыс» қайырымдылық қорының төрағасы Сырлыбек Мұсабеков 150 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Бүгінге дейін төртінші жекпе-жегін өткізген жерлесіміз Мақсат маусым айында Шымкентте өткен кездесуде қырғыз спортшысын 1-ші раундта нокаутқа түсіріп, айқын басымдықпен жеңген. Ал енді оның бұл жолғы қарсыласы өзбекстандық спортшы Бобиржон Абдулазимов 6 рет кездесу өткізіп, оның біреуінде ғана ұтылған. Әскери самбо мен кикбоксингтен Өзбекстан чемпионы әрі MMA Faiq of Fighting Championship-тің чемпионы әндіжандық спортшыны Мақсат Есболат төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, 1993 жылы Арыс қаласында туған Мақсат Әлішерұлы спортпен тұрақты түрде шұғылданып келе жатқанына үшінші жыл. Arys Fight клубының өкілі ол бүгінгі таңда әрбір жекпе-жегінде «Арыстың жолбарысы» деген лақап атпен шығып жүр.