Түркістандық кәсіпкерлерден «Ашық» қосымшасын енгізу үшін пара алған шенеунік қамауға алынды, деп хабарлайды
newsroom.kz. тілшісі.
Түркістан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің облыстық департаменті «Кентау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
«Аталған лауазымды тұлға Сovid-19 коронавирустық инфекциясының таралуын тежеу бойынша мемлекет қабылдап жатқан шараларға қарамастан, кәсіпкерлерден «Ашық» қосымшасын енгізу үшін оң санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды бергені үшін 100 мыңнан 120 мың теңгеге дейін пара алды. Күдікті ҚР ҚПК 128-бабына сәйкес ұсталып, Түркістан қ. ПБ УҰИ-да қамауға алынды», - делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Күдіктіге қатысты түпкілікті үкімді оның кінәсінің дәрежесін анықтай отырып, сот шығарады.