Келес ауданындағы ескі әкімдік ғимаратынан шыққан құрылыс материалдары тұрмысы төмен тұрғындарға үлестірілуде, деп хабарлайды
newsroom.kz.тілшісі.
Келес ауданындағы Қошқарата ауылдық округі әкімінің аппараты өткен жылы басқа ғимаратқа ауысқан болатын. Бүгінгі таңда ескі ғимараттың жарамды құрылыс материалдары ауылдағы тұрмысы төмен және ауылға жаңадан көшіп келіп, үй тұрғызып жатқан отбасыларға берілуде. Бұл туралы ауылдық округінің әкімі Қонай Бекмұратов мәлімдеді.
Жақында өткен сайлауда ауыл тұрғындарының басым сеніміне ие болған ауыл әкімінің айтуынша ғимарат тұрған жер аллея болады жоспарлануда. Сол себепті бүгінде ескі ғимарат бұзылып, орны абаттандырылуы жоспарланған. Жергілікті әкімдіктен көмек алған ауыл тұрғындары да дән риза.
«Қазіргі таңда үй тұрғызу қиын. Құрылыс материалдарының бағасы да жыл санап артып барады. Ел деп көшіп келген соң, ауылдастарың осындай қолғабыс танытса бір марқайады екенсің» - дейді ауылға көшіп келген Ахмедова Халида.