Келес ауданындағы Бірлік, Жаңа тіршілік және Қосөткел ауылдарын тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін Саңырау каналынан су ақпай, жұрттың егістігі қурап қалған, деп хабарлайды
newsroom.kz. Оның үстіне биыл қуаңшылық болып, жергілікті халық малға беретін азығын да дайындай алмай қалған. Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны Нұрдос Тәжімұратұлы малға азық үшін жылда өзінің егістік алқабына дәнді дақыл егеді. Оны өсіруге 100-150 мың теңге қаржы жұмсайды. Алайда ағын судың жоқтығынан биыл да егістігі қурап, қу тақырға айналған.
"Су бар, істейтін азамат жоқ. Әр елді мекенге 3 азаматтан керек. Бір Бірлік ауылдық елдімекенге 12 адам алуымыз керек. Бізге ауылдан азаматтар керек. Қажет болса водхозды 1 күнде тоқтатамыз. Бір адам шықты ма жұмысқа, қоғамдық ақылы жұмыс деген бар? Бізге істейтін адам керек", дейді Келес ауданы әкімінің орынбасары Абай Жаңбырбаев.
Қалай болғанда да жергілікті халық Саңырау каналын бетондамай, суға келмейді деп отыр. Өйткені су бөлінгенімен, ол ауылға жетпей сіңіп кетеді. Сол себепті әзірге каналдың басынан суды бөлу үшін ауыл тұрғындарынан 6 адам арнайы бекітілді. Алайда Келес ауданында мал азығы тапшылығы әлі де бар. Өңірдегі кей аудандар қыстық жем-шөпті 90-100 пайызға жинап алғанымен Келес пен Сарыағаш аудандары мал азығы тапшылығы әлі де сезіледі. Жем-шөптің жоқтығынан кейбір тұрғындар қолдағы малын сатуға мәжбүр.