Мектептің асханасы 420 орынға есептелген. Сыртқы аулада салынып жатқан алып футбол алаңы мен волейбол, баскетбол алаңдары да көлемді. Қазіргі таңда мектептегі физика, химия, информатика кабинеттерін, мультимедиялық және лингафондық кабинеттерді соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша оқушылар түрлі спорттық, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалады.
Білім ошағының техникалық-базалық жабдықталуына үлкен мән берілген. Сонымен қатар, нысанның сыртқы жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Айта кетейік, облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен бас мердігер «АРТ-Құрылыс» ЖШС тарапынан құрылысы жүріп жатқан алып нысан үшін ҚР Үкіметі резервінен 2,6 миллиард теңге қаржы қаралған. Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында жалпы 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 8 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.