"Ғасыр аферасын" жүзеге асырған ресейлікке сот үкімі шықты. Еліміздің Ауыл шаруашылық министрлігінен миллион долларлап ақша жымқырған Светлана Киршова енді өмірінің алдағы 2,5 жылын темір торда өткізеді. Алаяқ келіншек жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды. Ресейдің Омбы қаласындағы сот залында айыпталушының қолына кісен салынды. Еске салайын, қитұрқылығымен күдікке ілінген Киршова 16 жыл бойы іздеуде болған. Осы жылдар ішінде ол Ресей мен Қазақстанда тығылып жүріпті. Әйелді полицейлер Белгородта ұстаған. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасында айтылды деп хабарлайды
newsroom.kz. порталы.
Тергеу мәліметінше, қулығына құрық бойламайтын келіншек еліміздің қазынашылық саласында жалған құжатпен жұмыс істеген. Алаяқ тіпті қызметінде өзін жақсы көрсетіп, жоғарылапты. Қолда барда қонышынан басуды ойлаған ол, Ауылшаруашылық министрлігінің Су ресурстары комитетінің шотынан 500 миллион теңгені қолды қылған. Бұл қаражатты ол сыбайластарымен бірге ашқан компания шотына аударыпты. Сосын оның 187 миллионын қолма қол ақшаға ауыстырып, елден тайып тұрған. 2003 жылғы бағаммен есептесек, жымқырылған сома көлемі 250 мың долларға тең. Қомақты қаржының 368 млн теңгесі қазынаға қайтарылыпты, ал 132 млн теңге сол күйі жоқ болған.