Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында дәстүрлі «Парасатты полицей» байқауы өтті, деп хабарлайды NewsRoom.kz.тілшісі.
9-10 тамыз күндері Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында тәртіп сақшыларының қатысуымен дәстүрлі облыстық «Парасатты полицей» байқауы өтті. Оған ТО ПД-нің бастығы, комиссияның басты мүшесі, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков қатысып, сақшыларға жүлделерді табыстады.
Өңірде карантин режимі енгізілгендіктен, Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен байқауға облысқа қарасты барлығы 16 қала, ауданнан командалар қатысып, онлайн режимде өздерінің өнерлерін бейнежазбаға түсіріп, жолдаған.
«Бұл байқаудың негізгі мақсаты жас және талантты полицейлерді таныту, полицияның оң имиджін қалыптастыру, сонымен қатар, ең маңыздысы мемлекеттік тіліміз «қазақ тілінің» мәртебесін нығайту болып табылады», - дейді жыл сайын өтетін байқаудың басты ұйымдастырушысы Түркістан облысы Полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Салтанат Қаракөзова.
Онлайн режимде өткізілсе де байқауға қатысушылардың жан-жақты дайындығы байқалды. Олар өздерінің әрбір қойылымында сегіз қырлы бір сырлы екендіктерін, отансүйгіш пен тілді құрметтейтіндігін көрсете алды. Мәселен ұлты басқа болса да, қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, өз өнерлерін көрсеткен полиция лейтенанты Михайл Крокус пен полиция майоры Видади Наурызовтарды ерекше атап өтуге болады. Тәртіп сақшыларының онлайн сахналаған қойылымдарын әділ қазылар алқасы мұқият қарап, саралап, лайықтыларына жоғары орындарды, ал одан кейінгі көзге түскен командаларға алғыс хаттарды табыстап, ешбірін жүлдесіз қалдырмады. Әрбір тәртіп сақшысының байқауға белсене қатысқан еңбегі еленіп, байқаудың екінші күні, яғни марапаттау рәсімінде барша қала, аудандардан келген командалардың өкілдерін ТО ПД-нің бастығы, комиссия мүшесі, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков тікелей сыйлақтарын беріп, құттықтады.
Атап айтсақ, Арыс ауданынан келген «Арыс барыстары» командасы үздік деп танылды. Бірінші орынды – Түркістан қалалық басқармасынан қатысқан «Тәртіп» командасы қанжығасына байласа, екінші орынды – Жетісай АПБ-нің «Жетісай қырандары» мен Мақтаарал АПБ-ның «Мақтаарал жалыны» иеленді. Ал үшінші орын Шардара АПБ-ның «Өнерлі полицейлер» және Сарыағаш АПБ-дан «Сарыағаш сақшылары», Төлеби АПБ-дан «Төлеби қырандары» командаларына бұйырды. Сондай-ақ, «Көркемсөз шебері» номинациясы – Созақ АПБ-дан «Айбын», «Көрермен көзайымы» номинациясы – Бәйдібек АПБ-дан «Бәйдібек жұлдыздары», «Өнерлі команда» номинациясы – Түлкібас АПБ-дан «Алау» тобы, «Тілі басқа, тілегі бір» номинациясы бойынша Сарыағаш АПБ-дан полицей Видади Наурызов, «Ұйымшыл команда» номинациясы – Келес АПБ-дан «Келес қорғандары»,«Үздік сахналық көрініс» номинациясы – Сайрам АПБ-дан «Сайрам сақшылары» командаларына бұйырды. Оған қоса, Кентау ҚПБ-дан «Ынтымақ», Ордабасы АПБ-дан «Ордабасы оттары» және Қазығұрт АПБ-дан «Қазығұрт таланттары» атты 3 команда байқауға қатысқаны үшін ынталандыру сыйлықтарымен және алғыс хатпен мадақталды.
Айта кету керек байқауда жеңген полицейлердің мән-мағыналы қойылымдары жазылған бейнежазба алдағы уақытта республикалық көлемде өтетін «Парасатты полицей-2021» байқауына жолданып, сынға түсетін болады.