Ел тұрғындары «Nur Otan» партиясына түрлі мәселелермен келеді. Жыл басынан бері қоғамдық қабылдауларға 103,5 мың азамат өтініш білдіріп, партия мүшесі болып табылатын мемлекеттік органдардың басшылары 19,8 мың қабылдау өткізді, деп хабарлайды NewsRoom.kz.тілшісі «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны Р.Розиев партияға Тұрдыабад тұрғын алабында ж
олдың жоқтығына шағымданды. «Nur Otan» партиясының Еңбекші аудандық филиалы бұл шағымды жедел назарға алып, нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар қысқа мерзім ішінде жалпы ұзындығы 2,9 км болатын жолға асфальт төседі.
Партия алаңында онлайн форматта өткен қабылдау барысында Алматы қаласының тұрғыны Е.Әділбеков Ақжар шағын ауданындағы Лашын және Берел көшелеріне инженерлік желілер жүргізу мәселесін көтерді. Қала әкімдігінің өкілдері аталған көшелерге сумен жабдықтау желілері биыл салынып, ал су бұру желілерінің құрылысы келесі жылдың жобасына енгізілетінін айтып сендірді.
Сондай-ақ, Алматы қаласында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында азаматтарды қабылдаған нұротандықтар 3 топтағы мүгедек, жалғызбасты ана Р.Мырзалиеваға жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесті. Жалғызбасты ананың тұрып жатқан жатақханасында ылғалдың салдарынан қабырғалары көгеріп, ыза тартқан. Оның баспанасына партия мүшелерінің көмегімен 1 млн теңгеден астам қаражатқа электр монтаждау және әрлеу жұмыстары жүргізілді.
Қостанай облысы Б.Майлин ауданындағы партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Әйет ауылының тұрғындары 10 жылдан астам асфальт төселмеген Омаров көшесін абаттандыру мәселесін алға тартты. Партия мүшелерінің араласуынан кейін ауылдағы аталған көшенің жолына орташа жөндеу жүргізілді.
Қарағанды облысының Балқаш қаласында бағбандық және саяжай қоғамының 45 мүшесі желідегі апат салдарынан үзіліп қалған электр энергиясын қосуға көмек көрсету туралы өтініш білдірді. Нәтижесінде осы жылдың 27 шілдесінде коммуналдық кәсіпорын электр беру желілеріндегі апатты жою бойынша барлық шараларды қабылдап, бағбандық және саяжай қоғамы электр желісіне қосылды.
Талдау көрсеткендей,өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерімен байланысты. Бүгінде 103,5 мың өтініштің 43%-ы жедел шешіліп, 54%-ы бойынша консультативтік, құқықтық және басқа да көмек көрсетілді, қалған 3%-ы орындалу үстінде.