әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті қазақ диаспорасы өкілдерімен бірге, 2010 жылдан бері Ауғанстан Ислам Республикасынан (АИР) келген жастарға да білім беруде. Екі ел арасындағы ынтымақтастық келісімшарт негізінде Ауғанстанға іссапарға барғанда, сонда тұрып жатқан қазақ диаспорасының ең беделді өкілі - Абдул Жалил Саламатзадамен кездесіп әңгімеге тартқан едім. Қандасымыз Абдул Жалил - Құндыз провинциясында мал шаруашылығымен айналысатын, ауқатты жан. Қазақстан Үкіметінің шақыртуымен Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы дипломатиялық қатынас орнағандығының 20 жылдығына арналған, АИР сыртқы істер министрлігінде 2012 жылдың ақпанында өткен дөңгелек үстелге қатысқан. Оның сөйлеген сөзін шетелдік және ауғандық дипломаттардың көпшілігі жылы қабылдады. Ол одан бұрын бірнеше рет Қазақтардың дүниежүзілік құрылтайына делегат болып қатысқан. Абдул Жалил жергілікті азаматтар арасында жақсы қарым-қатынасқа, беделге ие, бұрынырақ АИР Парламенті төменгі палатасы Жирга болысы депутаттығына кандидаттығына өзін ұсынуға үміті болды. 2013 жылдың жазында Қазақстан азаматтығын алды, бірақ әзірше Ауғанстанда тұрып жатыр. Абдул Жалил Ауғанстанда қазіргі кезде тұрып жатқан қандастарымыз жайлы әңгімесінде: «Ауғанстанда тұратын қазақтар бірте-бірте Қазақстанға қоныстансақ деген үмітте, әйтсе де, қазір оған қаржылық мүмкіндіктері жоқ. Біздің елімізде де оларға мемлекет көмек көрсетпейді (оралмандарды қолдау бағдарламасы 2012 жылдың мамырында аяқталған). Олардың көпшілігі Қазақстанға көшіп келу үшін қандай да қаражат табу мақсатында өз жер учаскелерін сату мәселесімен айналысуда» - деп ағынан жарылды.
Гүлшара ТАСТЕМІРОВА, ҚазҰУ-дің доценті
Мақала «Жас қазақ» газетінен алынды