Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
20 тамыз, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Жамбылдық жасөспірімдер жолдан жаңылмасын!

Жамбылдық жасөспірімдер жолдан жаңылмасын!

Жамбылдық жасөспірімдер  жолдан  жаңылмасын!
ашық дереккөзі
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – бүгінгі таңда аса маңызды бағыттардың бірі.  Қылмыс  деректеріне сараптама жасағанда көп жағдайда ата-аналардың бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтіні, ата-ана парызын толығымен орындамайтыны аңғарылады.  Ата-аналар баланың жеке басын тәрбиелеуге көп назар аударуы тиіс. Осы мәселеге коғам болып атсалысуымыз кажет. Біздің мамандарымыз жасөспірімдердің жазғы демалысы кезінде тек ата-аналарымен ұялы телефон арқылы хабарласып қана қоймай, олардың үй-жайларына, әсіресе мектепішілік тізімде тұрған көп балалы  және жайсыз отбасыларды да тексеру керектігін   ұмытпайды.  Мұны айтып отырған себебім, аталған шаруа құқық бұзушылыққа бейім, жағдайы төмен және жайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан оқушылардың қылмысқа не себептен баратындарын қосымша анықтауға септігін тигізеді. Бір қуантатыны, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс 25,5 пайызға, яғни 49-дан 36-ға төмендеді. Соның ішінде орташа ауыр қылмыс 30-дан 12-ге, ауыр қылмыс 15-тен 12-ге азайса, аса ауыр емес қылмыс 1-ден 3-ке өсіп отыр. Қылмыс түрлеріне келсек, ауыр дене жарақатын келтіру оқиғалары мүлдем орын алмаған. Ал бұзақылық 7-ден 3-ке азайды. Бөтеннің мүлкін ұрлау да 24-тен 8-ге түскен. Қаруды заңсыз сақтау және есірткіге байланысты қылмыстардан біреу тіркелсе, үш адам өлтіру дерегі орын алды. Тонау оқиғасы 4-тен 6-ға өссе, өзге қылмыстар 9-дан 12-ге көбейген. Көлікті заңсыз айдап кетудің бір оқиғасы орын алды. Топтасқан қылмыс 14-тен 13-ке түссе, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс бестен біреуге төмендеп отыр. Қылмыстық  жауапкершілікке тартылған кәмелетке толмағандар саны 54-тен 31-ге азайған. Оның ішінде, жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары 18-ден 6-ға, колледж білімгерлері 22-ден 13-ке, еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтіндер 14-тен 12-ге төмендеу динамикасы байқалады. Алайда Қордай, Меркі, Мойынқұм, Жамбыл, Талас аудандарының полиция бөлімшелері қылмыстың өсуіне жол берген. Тағы бір кемшілік, облыс аумағында ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша қылмыс өскен.  Аталған деректер бойынша кызметтік тексеру жүргізіліп,  нәтижесінде 13 қызметкер полиция департаменті бастығының бұйрығымен жазаға тартылды. Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің кейде қалталарына пышақ салып жүріп, өзара дауласу кезінде  өзгеге дене жарақатын салатын немесе  жасөспірімдерге қарсы мылтық қолданып, дене жарақатын келтіру деректері кездесіп қалып жатады. Осындай  жайсыз жағдайлар орын алмаса екен дейміз. Біз көшеде балалардың жүруіне тыйым сала алмаймыз. Ол заңға қайшы. Сонымен қатар жасөспірімдерді себепсіз тоқтатып, қалталарын тексеруімізге де болмайды, тек түнгі сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық орындарында, сағат 23.00-ден кейін ата-аналарының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтап, хаттамалар толтырамыз, не болмаса құқық бұзғанда ғана шара қолдануымызға болады. Былтырдан бері 130 баланың ойын-сауық орталықтарында жүргені анықталды. 2 145 жасөспірім түнгі мезгілде ұсталды, өз міндеттерін орындамағаны үшін 55 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Көпшілікке белгілі, облыс аумағындағы Құмшағал елді мекенінде жасөспірімге қарсы оқ ату дерегі орын алған. Қызметтік тексеріс жүргізгенде, жасөспірімдердің түнгі мезгілде ата-ананың қарауынан тыс қалғаны белгілі болды. Олар бос уақыттарында көше кезіп, болмашы нәрсеге иық тіресіп, соңы ерегіске айналып, қылмыс дерегі орын алды. Биылғы сәуір айындағы Шөлдала алқабындағы оқиға да сол сияқты. Алдымен Дорожник иініндегі каналдың жанында біреудің белгісіз қарумен атып кеткені туралы хабар түскен. Тексеру барысында анықталғаны, №55 орта мектептің                             11 сынып оқушысы Н. Ізбасқанов пен 9 сынып оқушысы С.Тұрдалы екеуі сөзге келіп қалып, ерегісе кеткен, артынша ағаларына айтқан. Содан соң түнгі сағат 23.30-да 20 жастағы азамат Р. Ағаділ өзінің жеке көлігімен Шөлдала алқабындағы шлюз маңына барып, 120 метр жердегі топ балаларды көрген. Сол сәтте азамат Н. Ділдәбек  мылтықпен топқа қарай оқ атып, көліктеріне отырып кетіп қалған. Бұлардың арасында топтық төбелес немесе ерегіс болмаған. Бұл жағдайда біз көбіне мектеп инспекторлары мен мұғалімдерді кінәлап,  тәртіптік жазаға тартамыз, ал ата-аналар тыс қала береді. Сондықтан да Қылмыстық Кодекстің 140-бабына өзгеріс енгізуге біздің тарапымыздан Ішкі істер министрлігіне ұсыныс жазылды, бірақ әлі де бұл сұрақ өз шешімін тапқан жоқ. Айта кетерлігі, жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 79-дан 73-ке төмендеген, оның ішінде адам өлтіру дерегі мүлде болмаса, зорлау деректері 3-тен 1-ге, ауыр дене жарақатын келтіру 6-дан 0-ге азайды. Алаяқтық 3-тен 2-ге, бұзақылық 8-ден 5-ке, бөтен мүлікті ұрлау                     23-тен 22-ге, өзге де қылмыстар 15-тен 13-ке төмендеген. Алайда 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу 9-дан 13-ке, жас баланы азғыру 4-тен 5-ке, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 1-ден 3-ке өсіп отыр. Осындай деректердің алдын алу, оған жол бермеу мақсатында оқу жылы барысында кездесулер онлайн-режимінде өтті. Облыстық білім басқармасымен біріге отырып, әр мектеп ұжымын қатыстырып, төрт мәрте кеңейтілген ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды. Жуырда ғана білім басқармасымен бірге «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқанына байланысты брифинг өткіздік. Онда тек балалардың еңбегін пайдалану ғана емес, сонымен қатар түнгі сағат 23.00-ден кейін көпшілік орындарда және көшелерде ата-анасының қарауынсыз жүру, ойын-сауық орындарында болмауы, суға түсу, үйден кашып кету мәселелері де айтылды. Былтырдан бері облыс аумағында полиция департаментінің қызметкерлері білім беру және денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп,                      1 593 рейд ұйымдастырды.  Оның 1 067- сі мектептерде және оларға іргелес аумақтарда жүргізілді. Сонымен қатар жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау мәселесінің (суицид) алдын алу шараларын жалғастыруымыз керек. Әкімдіктермен, денсаулық сақтау және білім беру органдарымен бірлесіп, жалпы білім беру және арнайы орта оқу орындарында суицидтің алдын алу бойынша жыл басынан бері 148 дәріс өткізілді. Айта кетерлігі, осы уақыт аралығында суицид деректері 7-ден 6-ға төмендеген. Мұндай келеңсіз жағдайға 4 қыз және 2 ұл  барған.  width=

Нұржан Қалметов,

Жамбыл облыстық ПД бастығының орынбасары

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жасөспірімдер арасындағы суицидтердің көпшілігі жасөспірімдердің әлсіз психологиялық тұрақтылығынан, өмірлік қиын жағдайларды шешу жолдарын білмеуден, отбасындағы дұрыс емес қарым-қатынастан туындайды. Біздің бөлімшелерімізге түрлі бұзушылықтар жасағаны үшін 3 311 жасөспірім жеткізілді. Оның 31-і қылмыс жасағаны үшін әкелінсе, 161 жасөспірім мен 141 жайсыз отбасы есепке қойылды. Қазіргі уақытта есепте тұрған жасөспірім саны 258 болса, жайсыз отбасы – 272. Арнайы мектепке кәмелетке толмаған 14 жеткіншек орналастырылды.                32 ата-ана қамқоршы құқығынан айырылса, бейімдеу орталығына                               321 жасөспірім жеткізілді. Айта кетуіміз қажет, есепте тұрған жасөспірімдердің қатысуымен бүгінгі таңда қылмыс деректері орын алған жоқ. Сонымен қатар полиция орталығында профилактикалық есепте тұрған педофилдер, бұрын сотты болған азаматтар  қатаң бақылауға қойылған. Бостандыққа шыққан 46 адамның жүріс-тұрысы іздестіру бөлімі арқылы қадағалануда. Осы жағдайларды айта отырып, келешек ұрпақ арасындағы тиімді жұмысты жалғастыру үшін алдағы оқу мерзімінде құқық қорғау органдары, білім басқармасы және тағы басқа мекемелермен бірлесіп, бірқатар іс-шараларды ұйымдастырған абзал. Біріншіден,  мектеп, колледждердің ішінде есепте тұрған жасөспірімдермен жүргізілетін жеке профилактикаға аса назар аудару керек. Оқушылардың жазғы демалысқа шығуына байланысты құқық бұзушылыққа бейім оқушыларды, толық емес отбасыларында, өгей әкесімен (өгей шешесімен), қамқоршы немесе қосалқы туыстарымен (апалар, аталар) тұратын жасөспірімдерді қатаң бақылауға алған жөн. Екіншіден, полиция департаментінің профилактикалық тізімінде тұрған жасөспірімдер мен жайсыз отбасылардың балаларын жазғы демалыста жаздық сауықтыру лагерьлерімен, спорттық үйірмелермен және тағы басқа да  шаралармен қамту аса маңызды.  

Нұржан КАЛМЕТОВ,  Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары,  полиция полковнигі