Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
20 тамыз, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Енді қайда? Сәкен Майғазиев қызметтен кетіпті

Енді қайда? Сәкен Майғазиев қызметтен кетіпті

Енді қайда? Сәкен Майғазиев қызметтен кетіпті
ашық дереккөзі
Сәкен Майғазиевке мемлекеттік қызмет майдай жақпаған тәрізді. Бюджет қаржысын жұмсауға қатысты басы даудан арылмаған өнер иесі бүгін «Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшысы» қызметінен өз еркімен кетті. Мегополистің мәдениет басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, әнші «шығармашылық жұмыстардың қарқын алуына байланысты»  директорлық қызметінен кетуді жөн санапты. Әрине, сахнаның адамы болған соң оны да түсінуге болатын шығар.  Бірақ айта кететін жайттар да жоқ емес. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды деп жазады newsroom.kz порталы. Күні кешеге дейін әншінің басқаруында болған мәдениет үйінің қазіргі күйі мәз емес. Қазақ вальсінің королі - Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай концерт ұйымдастармақ болған мәдениет үйіне бюджеттен 60 млн теңге бөлінеді. Мекеме сатып алу сайтында ресми конкурс өткізіп, жеңімпаз ретінде бір жеке компанияны бекітеді. Сөйтіп, мәселе осымен-ақ аяқталуы тиіс еді... Алайда, композитордың туған күні 15-тамыз күні өтіп кеткен,  бірақ ешқандай концерттің иісі де сезілген жоқ.  Сәйкестік пе қайдам, лотты жеңген компания да конкурс өткізілмей тұрып сайтқа 2-ақ күн бұрын тіркелген екен. Мәселені әншінің өзі түсіндірмесе де, мәдениет үйінің су жаңа  басшысы сұрақтарға былай деп жауап қатты. ҒАНИ АМАНҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Қандай ИП екенін толық білмедім. Себебі мені тағайындады Сәкен Қордабайұлы, мен ИО болып тағайындалдым. Міндетін атқаруға. Негізі шара бойынша тамыз айында өткіземіз деп жоспарлағанбыз. Кейін карантиннің күшейгеніне байланысты Басқармадан шарт келді, шара уақытша тоқтатылсын деген». Бюджеттен бөлінген қаржының да бір тиыны жұмсалмаған екен. Әншінің жылы орнын суытпай, қызметіне бірден тағайындалған орынбасары  қазір концертке қатысты барлық келісімшарттар бұзылып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ қаражат мемлекет меншігіне толықтай кері қайтарылады деп сендірді. Сенуін сендік қой. Бірақ Сәкен Майғазиевтың басқаруымен бұл мекеме дау ортасында алғаш қалып жатқан жоқ. Карантинде «Наурыз» мерекесін тойлатуға 213 млн теңге жұмсаймын деп, әншінің ел-жұрттың сынына қалғаны әлі есте. СӘКЕН МАЙҒАЗИЕВ, ӘНШІ: «Қала әкімінің бастамасымен, Мәслихаттың мақұлдауымен мәдениет басқармасының басшысының маған тапсырмасымен болады. Яғни, бірнеше этаптардан өтіп барып, менің қолыма келеді. Бұл жүйе-жүйесімен заңды түрде жұмсалды. Менің басым екеу емес. Миллиондарды, ақшаны жеп қойып отыра беретін» Бұл ретте саясаттанушылар әр адамның өз ісімен айналысқаны жөн дейді. САМАТ НҰРТАЗА, САЯСАТТАНУШЫ: «Бізде мына мемлекеттік жүйе емес, жалпы бір дәстүр ма, рахметтің орнына қызмет ұсынады. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Бір өнерде жетістікке жеткен адамды сен суырып аласың да, басқа қызметке саласың. Бұл өнер адамына жасаған қиянат деп білем өз басым». Қиянат па қайдам, Сәкен Майғазиевке де мемлекеттік қызмет майдай жақпағаны анық. Әнші әзірге бар уақытын өнерге арнаймын деп отыр. Алайда, тілшілерге сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты.