Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
16 тамыз, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Мәди Бапиұлының еш жерде жарияланбаған оқиғасы белгілі болды

Мәди Бапиұлының еш жерде жарияланбаған оқиғасы белгілі болды

Мәди Бапиұлының еш жерде жарияланбаған оқиғасы белгілі болды
ашық дереккөзі
Арқадағы Қарқаралы өңірінде өмір сүрген Қаракесек Мәди атамыздың басынан өткен,еш жерде жарияланбаған оқиғасын айтып берейін. Бұл оқиғаны Мәди атамыз қонған үйдің иесінің шөбересінің аузынан өз құлағыммен естідім.
Мәди атамыздың қайраты бойында,жалындап тұрған кезі екен. Сарыарқаның саңлағы,аты бүкіл қазақ жұртына жайылған уақыты. Атамыз атқұмар жан болса керек,қай жерде жүйрік ат бар дегенді естісе мазасы кетеді екен.
Күндердің күнінде Қырғыз жақта бір бай манаптың құстан жүйрік,желмен жарысатын арғымағы бар екен дегенді естиді. Естиді де мазасы қаша бастайды. Ойы қайткенде де сол арғымақты қолға түсіру. Күз кезі. Күн де салқын тарта бастаған. Күндіз күн шығып жылы болғанымен,түн кәдімгідей салқындап кетеді. Ауыздан бу шығады. Жерді де шық басып,шөппен жүрсең аяқ киімің шылқып шыға келеді. Атамыз жолға жүруге дайындығын бастап жіберді. Қар түскенше елге кері қайтып үлгеруі керек. Екі жүйрік атпен шығу керек деп шешті. Кезек кезек ауыстырып мінуге болады. Біреуіне мінсе,біреуіне азық , киім салған дорбасын артып алады. Жол ұзақ аттары да қиналмайды. Адам шешті,Құдай қолдады деген күні,бір Тәңіріне сиынып жолға шығып кетті. Күндіз жүрмей,түнде жортып отырып Шудың бойына да жетті-ау.Сарыарқаның тау тасын түнде жүріп,кезіп өткен Атамызға жол қиындық тудырмады.Аялдап жан жағына көз жіберді. Таң қылауланып атып келе жатқан шақ. Үрген иттің даусы естілді. Ит үрген жаққа қарап еді,бір қараша киіз үй тұр екен.Жалғыз үй. Неше күннен бері жортып келе жатқан Атамыз осы үйге түсуге бел буды. Аттың басын үйге қарай бұрып,шу деп тебініп жіберді.Үйге де жақындағаны сол еді,алдынан ит үріп қарсы алды. Иттің даусын естіп шапанын жүре иығына іліп шал адам үйден шықты.
Бұл кім екен таң атпай жортып жүрген-деп дауыс қатты.
Ассалаумағалейкүм, құдайы қонақпын деп жауап берді Мәди атамыз.
Құдайы қонақ кешке келуші еді қонуға,сен күн шықпай келетін не деген құдайы қонақсың-деп шал секем тартқандай болып көрінді.
Ақсақал айып етпеңіз,жол өндіріп алайын деп түні бойы жүріп жеткен жерім осы.Рұқсат болса аялдап,тынығып алатын жерді өзім де іздеп келе жатыр едім-деп атынан түсті.
Шалмен, Ассалаумағалейкүм деп қос қолын беріп амандасты.Арқадан келе жатқан жолаушы едім.Кешке қарай аттанып кетемін. Мазаларыңызды алмаймын-деді.Менің есімім Мәди болады.Қырғызға кетіп барамын. Бір жағынан жол сілтеп жіберсеңіз де жақсы болар еді.Мәди атының белін босатып қойды. Аттарын байлап суық суға бет-қолын жуды.
Шал,Әй кемпір самауырынды қой Арқадан Мәди келіп біздің үйге түсіп тұр.Бұндай қонақты шақырсаң да келтіре алмайсың. Бол,бол енді деп кемпірінің аяқтарын бір етікке тыққандай қылды.
Үйден апамыз шығып,амансың ба балам,ат-көлігің аман жеттің бе-деді.
Аман-есенсіз бе апа күйлі қуаттысыз ба-деп Мәди де амандасты. Кемпір самаурынға су құйып,от тұтатып ішіне салды.
Ақсақал сіз мені танып тұрсыз ғой-деді Мәди.
Е, танымағанда ше,Мәдиді білмесек кім болғанымыз. Арқада Қаз дауысты Қазыбек Атамыздың тентек Мәди деген шөбересі барын біз де естігенбіз. Қалай балам, ел-жұртың аман ба?Мына Шудың бойына не іздеп келіп едің?Ұлы Жүздің аруына ғашық болып,ұрлап кетуге келген шығарсың -деп қалжындады шалымыз.
Ұлы Жүздің аруы Қаракесектің жігітімен еріп кетем десе,ұрламай-ақ алып кетер едім-деп Мәди қалжыңға қалжыңмен жауап берді.
Қаракесектің Мәдиіне тимеген қызда да ес жоқ шығар. Алып кетем десең болды,артыңнан еріп жүре береді ғой.
Ақсақал кемпіріңіз екеуіңіз ғана тұрасыздар ма?Балаларыңыз қайда?
Үлкен ұл бөлек шыққан,кіші ұл үйде.Кәзір өзі де оянады.
Сөйткенше болған жоқ,үйден мұрты енді тебіндеген жас жігіт шығып,Ассалаумағалейкүм аға деп келіп амандасты.
Уағалейкумассалам інім,ұйқың қатты екен,ерте тұрған еркектің ырысы артық деуші не деген ұйқы бұл-деді Мәди.
Аға үйленген соң ерте тұрам ғой,әзірге әке-шешеме еркелегенім ғой.
Сөйтіп самаурын да қайнап бәрі үйге кірді.
Мәди балам төрге шық. Асылбай ағаңа жастық таста-деді шал.
Төрге жайғасып жатып үйдің ішін көзбен бір шолып шықты. Жұпыны,артық ауыс ештеңе жоқ. Қара киіздің кейбір жерлері жұқарған.Ағараңдап даланың жарығы көрініп тұр.Столда қолдан пісірген таба нан туралып,екі жерге сары май қойылған. Төрт-бес домалақ құрт бар.Бісміллә деп шайды ұрттап жіберді.Наннан үзіп,бетіне сары май жағып аузына салды.Майлары сарыарқаның майындай дәмі онша емес.Шуда, сарыарқаның шөбіндей шөп қайда деп ойлады.
Ақсақал осы жерді бұрыннан қоныстап келесіздер ме-деді Мәди.
Иә,Мәди балам осы жерденбіз.Руым Дулат,оның ішінде Жаныс боламыз. Шудан Арқаға қарай Арғындар тұрады. Арғынмен қыз алысып,қыз берісіп мың жылдық құда болып отырмыз.Сен де Арғынсың,оның ішінде Қаракесексің нағыз құда өзің болып отырсың.Құдай айдап,нағыз құдайы қонағымыз болдың.Сенің Атаң Қазыбек Арқада қыс қатты болған жылдары,жылқысын осы Шудың бойына айдап келіп қыстатып кететін. Шуда қар қалың түспейді.Жылқыға қыста жайлы ғой Шу бойы-деп шал әңгімесін сабақтады.Сол жылдары Қаракесектің жігіті,біздің Дулаттың қызын екі қабат қылып екі ел арасы жаман болып кеткен. Сонда Атаң Қазыбек келіп екі елге басу айтып,екі жасты,қалың малын өзі төлеп қосып еді жарықтық.Елдің қамын ойлап,дұрыс билігін айтып Қазаққа қаншама жақсылық жасады ғой. Сондай батыр да,би Атамыздың ұрпағысың. Сенің мына біздің жаман үйге түсіп,қонақ болып отырғаныңды өзім жақсылыққа жорып отырмын.Иә енді,Қырғызға жай шаруамен бара жатырсың ба-деді шал.
Ақсақал сіз естідіңіз бе,естімедіңіз бе Қырғызда бір жүйрік ат бар екен. Мен сол атты берсе қолынан,бермесе жолынан деп келген едім.Жүйрік ат деген менің ауруым. Қашан тақымыма басқанша мазам қашып тұрады.
Иә түсінікті болды балам. Ол ат туралы естігем. Алатаудың ар жағы мен бер жағында бәйгенің алдын бермей тұрғаны рас.Жолшыбай деген манаптың аты.Қалап сұрап келгендерге де,пұлын артығымен бергендерге де келіспей маңына жолатпай жүр деп естіп едім.Кім тұлпарын беріп қоя береді дейсің.
Ақсақал онда бермесе жолынан қылу керек.Мен ол атты қайтсемде алып кетуім керек-деп Мәди бір шешімге келгендей болды. Шал Мәдиге қарады. Төртбақ келген,отырысы нық,өзіне сенімді. Арандап қалмаса болды-деп ойлады шал.
Жалғасы.
Жалғыз жүр,не деген көссіздік. Қарақшы дейін, десең текті жердің тұқымы. Қорықпай сонау Сарыарқадан келіп,Шудан өтіп Қырғыз еліне барып атты алып кетем дегені көзсіз ерлік қой,деп ойлады шал. Тектінің тұқымы екені киген киімінен де көрініп тұр ғой.
Мәди балам кәзір қой сойып,жақын маңайдағыларды да шақырайын,өзіңмен дастархандас болып дәм татып кетсін.
Жоқ,ақсақал ешкімді де шақырмай ақ қойыңыз. Менің жортып жүргенімді ешкім білмегені жақсы еді. Мен жатып көз іліндіріп алайын. Аттарды ерін алып,тұсап жіберсе болды. Түс ауа жүріп кетемін ғой-деді Мәди.
Жақсы балам. Асылбай қызыл ісекті әкел. Екеуміз сойып дайындай берейік. Ет пісіп дайын болғанда Ағаңды оятармыз-деді шал.
Мәди бешпентін жамылып,шаршағандықтан қор етіп ұйқыға кірісіп кетті. Шал баласы әкеліп,аяғын байлап жатқызып қойған ісектің жанына келіп бата қылды.
О,Жаратқан Ием бір өзің қолдай көр!Жолаушының жолын қыл!Қазағыма бір өзің жар бола көр!Сенде жазық жоқ,бізде азық жоқ. Аллаху Акбар-деп қойды бауыздап жіберді.
Шалдың ойы Мәдиде. Ай ерім-ай,жалғыз жортқан арланым-ай,Қырғызға өтіп тұлпарды алып кетпекші. Бермесе жолынан дегені,ұрлап алып кетсем де алып кетем дегені ғой. Пах-пах шіркін. Өзі де түнде ғана жортады екен.
Арасында баласына,Мәди ағаң мықты. Ер болса Мәди ағаңдай болсын-деп те қояды.
Қой да сойылды. Ошаққа от жағылып,қазанға ет те салынды. Өйтіп-бүйтіп жүргенде түс уақыты болып қалған екен. Күн де тас төбеге көтеріліп алыпты,ысытып әкетіп барады. Кемпірі қазанның қақпағын ашып,сорпасының дәмін көрді. Жас қойдың етінің исі де бұрқырап аранды ашқандай болды. Асылбай жайылып жүрген Мәдидің аттарына қарап сүйсініп,тамсанып қойды. Шіркін менің де осындай арғымақтарым болса жақын маңның серісі болар едім ғой. Менсінбей жүрген қыздарда басқа көзбен қарар еді. Тұлпардың үстінде отырып,көздің астымен қарап өте шығар едім қырсыққанда -деп армандап қойды. Ойын әкесінің сөзі бөліп жіберді.
Асылбай ет дайын болып қалды. Ағаңды оят та қолына су құй. Мәдидей ағаңның батасын аласың.
Асылбай үйге кіріп,аға,аға деп ақырын дауыстады. Қатты ұйқыдағы Мәди естімеді. Сосын жанына барып иығынан түртті.
Аға тұрыңыз,тамақ дайын болды-деді. Мәди селк етіп атып тұрды. Қолы оң жамбасына барып қалған екен. Кездігі орнында.
Асылбайды көріп,а сен екенсің ғой-деп қайта жата кетті. Көзі шаңыраққа түсті. Түндік жартыдан аз ашылған.Аспан ашық екен. Керегенің жабуын екі жерден көтеріп қойған,самал жел баяу баяу желпіп қояды.
Мәди көтеріліп орнынан тұрды. Далаға шығып екі қолын көтеріп керілгендей болды. Күн ысып келеді екен. Бұл жер Арқа емес Шудың бойы,біраздан соң қайнап кетуі де мүмкін. Жан-жағына қарады. Алыстан Ақбас Алатаудың сілемдері көрінді. Алатау асып Қырғызға жеткенше екі-үш күн уақыт алар. Содан соң манаптың жайын барлап бір-екі күні өтер. Құдай сәтін салса,тұлпарды алып тезірек қайтып кетпек.
Мәди аға келіңіз жуынып алыңыз-деген Асылбайдың сөзін естіп ойы бұзылып кетті.
Ал құй суыңды. Шешініп еңкейіп екі колын қосып, алақандарын жая берді. Жуынып,шайынып сергіп қалды. Өркенің өссін-деп Асылбайға батасын берді.
Тамақ та дастарқанға барып қалған екен,тамаққа жүріңіздер деген кемпірдің даусын естіді.
Төрлет,төрлет Мәди балам,қалай ұйқтай алдың ба,әлде ыстық ұйқтатпады ма-деді шал.
Жоқ, Ақсақал ыстықты сезбей қатып ұйқтап қалыппын,Асылбай оятқанда бірақ тұрдым ғой. Рахмет жақсы ұйқтадым-деді. Етті турап болған шал,ал тамақ алайық,Мәдижан тамақтан ал-деп табақтан бір шөкім етті алып аузына салды. Қарын шіркін ашқан екен. Мәди етті көсеп-көсеп асап-асап жіберді. Уылжып тамаша піскен екен,аузыңда ериді десе де болады.
Кемпір сорпаңды әкел,Мәди тамақтан ал-деп етті Мәдидің алдына қарай жинап қойды.
Апамның асқан еті тамаша болыпты. Көптен бері мұндай дәмді ет жемеген екенмін-деп кемпірді мақтап қойды.
Ас болсын балам,сорпадан ал- деп кемпір байғұс та риза болып қалды.
Ақсақал тамақ ішіп болған соң жол бағытын көрсетіп жіберсеңіз,мен жүріп кетейін-деді Мәди. Асқа бата беріліп, далаға шықты.
Осыдан тура Алатауға қарай жүресің. Шу өзенін кесіп өтсең арғы жағы Қырғыз. Манаптың анық қай жерде орныққанын білмедім. Сұрап тауып аларсың. Кәзір күздікке көшіп жатқан кез ғой.
Көп ойланбай Асылбай дайындап қойған атқа мініп,Ал Ақсақал амандықпен жолығайық,Апа сізге рахмет,Асылбай інім саған да көп рахмет-деп жүріп кетті. Алдында не күтіп тұрғаны,бір Құдайға ғана аян еді.
Жалғасы
Киіз үйдің қасындағы үшеу қол бұлғап қала берді.
Е,Алла бір өзің жар бол!Батырдың жолын ақ қыла көр-деп шал күбірлеп дұға қылды.
Мәди де бір Тәңіріне сиынып Алатауды бетке алды.
Қырғыз жеріне өткеніне екі күн болды.Шудың суын кесіп өткені болмаса қиындық көрген жоқ. Сақ болмаса болмас. Не дегенмен тілі ұқсас болғанмен,ниеті бөлек ел. Әр елдің салты басқа,иттері қара қасқа деген Қазақ Атамыздың сөзін де ұмытпаған жөн болар-деп түйіп қойды Мәди.
Астындағы аты осқырынып,екі құлағын қайшылап жіберді. Тізгінді тартып қалды. Қосақтағы ат озып барып тоқтады. Ұйықтап келе жатты ма, не болды дегендей басын көтеріп бұрып Мәдиге қарады. Төбеден екі салт атты түсіп келе жатыр екен. Дорбадан шоқпарын алып,тақымына басып ыңғайлап қойды.
Аттылар жетіп,қасына келіп тоқтай қалысты.
Ассалаумағалейкүм-деп алдыңғысы жақындай берді.
Уағалейкумассалам батырлар-деді, аналардың бетіне үңіле қарап.Кімсіңдер?Қайдан жүрсіңдер?Мәди даусын қатайта шығарып тізгінді қолға алды.
Аға, Қазақ екенсіз ғой. Біз Меркеге жол жүріп бара жатыр едік-деді үлкендеуі. Екі бозбала,жастары Асылбайдан бір-екі жас үлкен болар-деп топшылады Мәди.
Қазақсыңдар ма?Бауырларым болдыңдар ғой. Қайдан келесіңдер?
Аға, біз қырғыздардың тойында болып,қайтып бара жатыр едік.
Не деген той ол,сонау Меркеден келіп қатысып кететін-деді Мәди.
Аға, әпкеміз қырғызға үзатылған еді бір жыл бұрын. Босанып ұлды болды. Шілдехана тойына келіп едік.
А,дұреес жігіттер. Жиенге келіп,қырық серкеш қарыз болып барамыз деңдер. Сендердің енді қырғыздың қызын алып қарымта қайтармақ ойларың да бар шығар-деп Мәди күліп жіберді.
Иә Аға,ондай ой жоқ емес-деді кішісі.
Бауырларым кездескендерің жақсы болды. Маған жол сілтеп жіберіңдер. Мен Жолшыбай манапты іздеп келе жатыр едім.
Иә Аға Жолшыбайды білеміз. Талай ат жарыста болдық. Оның төбелторы атындай жүйрік ат көрмедік. Әрине білеміз ғой.
Білсеңдер сол Жолшыбайға қарай қалай жүрем,соны айтып жіберіңдер -деді Мәди. Ішінен қуанып-ақ кетті. Жолы болар жігіттің,жеңгесі шығар алдынан деген осы болар.
Аға,сіздің де аттарыңыз Жолшыбайдың атынан қалыспас.Жүйрік екендері көрініп тұр. Ат жарыстыруға бара жатқан боларсыз?Кішісінің көздері Мәдидің аттарында. Ана жақтан бір шығып,мына жақтан бір шықты.
Мынау бір пәле атқұмар болды ғой өзіме тартқан. Бұл екеуі аттарымды тартып алып,жаяу қалдырмаса болғаны-деп ойлап Мәди күліп жіберді.
Біз түскен төбеге көтерілсеңіз,төменде ат арба жолын көресіз. Сол арба жолы Жолшыбайдың күздеуіне апарады. Көшкендері жақында болу керек,жолдың шаңы басылмаған. Әрі кетсе бір аптадай болған шығар. Таң ата жетіп те қаларсыз. Жолда түсетін үй жоқ. Арба жолымен жүрмесеңіз тауда үшкір тастар көп,аттарыңыздың тұяғын кетіріп аласыз.
Әп,бәрекелді батырларым!Сендердің кездескендерің қандай жақсы болды. Жолдарың болсын!Қырғыздың қызын алсаңдар тойға шақыруды ұмытпаңдар-деп қалжың айтып жігіттерді шығарып салды.
Құдай берді,жететін жеріме жетіп те қалған екенмін. Жарты жолға жетіп келесі түнді күтпесе болмас. Шаруаның ыңғайын шалт бітіру керек. Көзге де түсіп қалуым ықтимал. Солай деп шешіп,шу жануар-деп атын тебіне берді.
Жалғасы.
Арба жолына келіп,аттан түсіп жан-жағындағы тастарды көрінетіндей етіп үйіп белгі қойып кетті де Мәди ақырын аяңдап тоқтамай жүре берді. Жарым жолға келдім-ау деп болжап,жолдан оңға қарай бұрылып сайдың ішіне кірді. Таудың түні салқын. Жан-жағының бәрі тау. Төбеңнен төніп тұрған секілді.
Мәди аттарын тұсап,арқанның бір басын домалақ тасқа жақсылап байлап қойды. Түнде аттары үркіп айдалада жаяу қалып қоймайын деген ойы. Астына көпшігін салып,басына ертоқымын жастап жата кетті. Ұйқтап алайын деп еді,ұйқысы қашып кеткен бе ұйқтай алмады.
Күндіз манаптың аулына жақынырақ барып барлау жасау керек. Қай жағынан келсе дұрыс болады,манаптың жатқан үйі,аттың тұрған жері,қанша малшы-жалшысы бар,бәрін зерттеп алмақ. Соны ойлап жатып,көзі ілініп кеткенін білмей ұйқыға кетті.
Құстың шықылықтаған даусы оятып жіберді. Таң атыпты. Сайдың іші алакеуім. Күн көтеріліп сайдың ішіне түскенше біраз уақыт керек. Алатаудың таулары,Қарқаралы тауларындай емес өте биік. Дорбадан су алып ішті,оң алақанына су құйып бетін жуды. Орамалға оралған еттен турап жеді. Ауқаттанып болып,бәрін жинап дорбасына салды. Аттары орнында,шөпті бырт-бырт үзіп жайылып жүр. Жақын маңнан шылдырлап аққан судың даусы естіледі. Таудың бір жақсысы сусыз қалмайсың. Биіктегі мұздар жыл бойы еріп,төменге құлап ағып тұрады. Өзендер де бастауын,осы таудан аққан судан алады емес пе,деп ойлап қойды.
Аттарын әкеп,ертоқым салып дайындап қойды.Жетектеп барып суды тауып суарып алды. Өзі де торсықтарын суға толтырды. Ештеме қалып қоймады ма деп жан -жағына қарап,атына мініп жүріп кетті. Жолдан алысырақ жүрмесе болмас деп,көзге түсіп қалмауын ойлады. Бір төбеден түсіп,келесі төбеге шығып жүре берді. Көкте қалықтап ұшып жүрген аспан еркесі қыранға көзі түсті.
Құстарды Құдай еркін қылып жаратқан,көкте қалықтасын деп қанат берген,ал біз адамдар оларды сол еркіндігінен айырып,қолға үйретіп саят қылып,қоян түлкі алғанымызға мәз боламыз. Сол түлкі қоянды жүйрік тазы да алады емес пе?Тазы жүгіру үшін жаратылды. Алдыңдағы төбеге шауып атып шыққан жылқылар ойын бөліп жіберді.
Дұрыс,бұл Жолшыбайдың жылқысы болар. Жақындап қалғанын түсінді. Жолдың келесі жағына өтіп алған дұрыс болар деп,атын жолға қарай бұрды. Жылқыларды көріп аттары да құлақтарын тіктеп тоқтай қалды. Құр-құр жануар-деп аттарының мойынынан сипап қойды. Біреуін құлын кезінен баққан,екіншісін күресіп ұтып алған жануарлар да Мәдидің даусын естіп тыныштала қалды.
Манаптың күздеуі көрінді-ау дегенде тоқтады. Аттарды қалдырып жаяу бару керек. Кешқұрым болып қалды деген уақытта жаяу жүріп төбеге шықты. Төменде манаптың аулы алақанға салғандай көрініп тұр екен. Тастан қалаған тоқал тамды көріп,манаптың жатын орны екенін түсінді. Әр жағындағысы атқора екені көрініп тұр.Жүз қадамдай жерде киіз үй тігілген. Манаптан басқа төрт-бес адам бар болу керек,деп топшылады. Арба жолымен ақ бара берсе болады екен,деп ойлап кері қайтты. Аттарының қасына келіп,түн жарымы болуын күтіп жата кетті.
Уақыт болып қалды-ау деген кезде орнынан тұрып,дорбадан екі кесек етті алып салып алды. Манаптың иттері кездесіп жатса,ет беріп алдамақ ойы.
Жүрегі дүрсілдеп манаптың үйіне жақындап келді. Терезеден шамның жарығы көрініп тұр. Терезеге жақындап тың-тыңдап,демін ішіне алды. Әйел мен еркектің даусын естіді. Не деп жатқанын естиін деп,терезеге құлағын тоса берді.
Бүгін қылу керек,сен не еркек емессің бе,мені жақсы көресің бе өзі-деді әйел даусы.
Қалай мен Жолшыбайды өлтіремін. Ол мені бала кезімнен бағып інісіндей қылып өсірді емес пе?Жолшыбайды өлтірмей-ақ қашып кетсек болмай ма?
Жоқ өлтірмесек болмайды,ертең екеуімізді тауып алып сазайымызды берер. Алтын,тастарын алып кетсек өлмеспіз. Сен өлтірмесең,өзім-ақ өлтірейін-деген жерге дейін естіген Мәди әрі қарай тұра берсе бір жамандықтың боларын сезіп,терезенің шанақтарын иығымен қирата үйдің ішіне құлады. Атып тұрып еркекті тұмсықтан ұрып шалқасынан түсірді. Әйелді желкесінен ұстап алып еркектің үстіне лақтырып жіберді. Баж ете қалды. Апай-топайдан шошып оянған манап төргі бөлмеден ақ дамбалмен атып шықты. Көзінде үрей. Өзі де бір жалпиған біреу екен. Басы тақыр. Мәдиге бір,жерде жатқан екеуіне бір қарайды. Еркек талып қалса керек қозғалмайды. Әйел басын екі қолмен жауып,денесін бүктеп жиырып алған.
Манап не болып жатқанын түсінбегендей. Тұтығып сөйлей алмай,айтсаңдаршы дегендей екі алақанын көтеріп,көтеріп қойды.
Ассалаумағалейкүм-деді Мәди.
Сен кімсің ?Көздері жыпылықтап Мәдиге қарады.
Жолшыбай есіңді жи,мына екеуі сені өлтірмекші болды. Мен болмағанда жаның жаһаннамнан келер еді. Естіп тұрсың ба?-деп даусын қаттырақ шығарып,қасына келіп екі қолымен манаптың екі иығынан ұстап сілкіп-сілкіп қалды.
А,иә,иә-көздері жерде жатқан екеуде.
Жолшыбай,менің есімім Мәди,қазақпын. Мыналарды не істейсің?Екеуі сені өлтіріп қашып кетпекші болды.
Манап есікті итере-митере далаға атып шықты.
Қалмырза,Өскен қайдасыңдар,бері келіңдер,деп бажылдай берді. Мәди де есік алдына шығып тұрды. Киіз үй жақтан үшеуі жүгіріп,ентігіп жетіп келді.
Не болды,не боп қалды Байеке?Жүздерінде де,көздерінде де сұрақ. Аналарды көріп манап есіне келе бастады. Қалмырзаның жеңінен ұстап алған.
Анау,атаңа нәлет мені өлтіріп ,менің тоқалыммен қашып кетпек болды. Ұстаңдар оны,байлаңдар. Ана қаншықтың сазайын берейін. Бәрі топырлап үйге кірді. У-шу басылсын,деп Мәди далада тұра берді. Үйдің ішіне жылаған,бажылдаған әйелдің даусы естілді. Манап тоқалдың сазайын беріп жатса керек. Үшеуі ананың қолын байлап қора жаққа алып кетті. Мынау кім-дегендей Мәдиді көрсетіп бір-бірімен ымдасты.
Шашы қобырап,шырылдап үйден әйел шығып киіз үйге қарай жүгірді.
Ойбай өлтірді. Құтқарыңдар. Жан ұшыра киіз үйге кіріп кетті.
Ентігіп үйден манап шықты.
Қаншық сен емес,мен сені өлтірейін.
Байеке,байеке сабыр қыл-деп Мәди манаптың қолынан ұстап қалды.
Қазағым,құтқарушым-деп Мәдидің аяғына жығылып,тізесімен жерге отыра кетті.
Жолшыбай болды енді,мұның не еркексің бе өзің?Мәди манапты екі қолтығынан көтеріп тұрғызып алды.
Жолшыбай сен мені тыңда.Ертең тоқалыңды аман-есен үйіне қайтар. Ол енді саған қатын болып жарытпайды. Қырғызда не көп,қыз көп. Біреуін маңдайынан шертіп жүріп аласың. Ана бауырыңды қуып жібересің бе,әлде өмір бойы жалшы етіп ұстайсың ба,оны өзің шеш.
Өй,өйткен бауырыңды. Мен оны туған бауырымдай көріп,асырап жеткіздім ғой. Сол жақсылығымды білмеді ғой. Қасқыр да бір-біріне қастандық жасамайды. Ол шибөріден жаман болды ғой. Дұрыс,сенікі дұрыс солай істейін-деп манап өзіне келе бастады.
Айғай шумен таң да ата бастады. Мәди барып аттарын алып келді. Манап та киініп алған далада жүр.Әрі он қадам,бері он қадам жасап жүрген манап Мәдиді көріп тоқтай қалды.
Қазағым мен сені кетіп қалды ма,дұрыс жөн де сұрай алмай қалдым, деп ойлап едім. Сені қайта көріп қуанып кеттім ғой.Сен енді менің құрметті қонағым боласың. Бір тай соямын,соның етін жеп бітпейінше жібермеймін. Манап Мәдидің асты-үстіне түсті.
Жолшыбай,менің есімім Мәди. Мен саған шындығымды айтайын.Тұлпарың сенің өміріңді сақтап қалды. Мен сенің тұлпарың үшін сонау Арқадан келмегенде не болар еді. Бір нәрсеге,бір нәрсе сеп деген осы. Құдайыңа алғыс айт. Мені де сол бір Құдай айдап келді емес пе?Сені құтқарып құрметті қонағың боламын деп ойлаппын ба?Ойым түгілі,түсіме де кірмеген. Мен сол тұлпар үшін қан төгілмей аман кетуді ғана ойлағам.
Мәдиім,Мәди қазағым тұлпар жанымның садағасы,тұлпар сенікі,бердім саған. Сен мені бір өлімнен құтқарып қалдың. Мен саған өмір бойы қарызбын. Не қаласаң да берем. Жылқымның жартысын айдап әкет. Бастан құлақ садақа дейді емес пе қазақтарым.
Кел,Мәди төс қағысып мәңгілікке дос болайық-деп құшағын ашып Мәдиге жақындай берді. Екеуі құшақтасып,үш рет иықтарын тиістіріп достықты бекіткендей болды.Сонымен Мәди Қырғызда он күн қонақтап қалуына тура келді. Тай сойылып қазан-қазан ет асылды. Қымыз көлдей болып ақты. Күнде жиын,күнде той. Жақын маңның манаптары келді.Қазақ-Қырғыз болып әңгіменің де тиектері ағытылды. Қырғыздың жеңілмей жүрген палуанын Мәди жеңіп кетіп тағы бір жорға ұтып алды. Қырғыздар да Мәдидің тегін адам емес екеніне көздері жетті.Мәди де туған жерін Сарыарқасын сағына бастады. Оныншы күні Жолшыбайдан рұқсат алып жол жүруге бекінді.
Мәди досым не қалайсың,қалауыңды айт.Тұлпар үшін келдің,тұлпар сенікі. Басқа қалауың болса айт.Өзіңдей дос тапқаныма бір Құдайға шүкіршілік айтамын. Мәди мен бүгіннен бастап басқа өмір сүремін деп шештім. Сен мені өзгерттің. Мен көп нәрсенің байыбына да бара бермеген екенмін.Өткен өмірімді ойлап отырсам көп қателіктер жіберіппін.Сен менің өмірімді сақтап қалдың.
Жолшыбай,мен діттеп келген тұлпарымды алдым. Өзіңмен мәңгі дос болдым. Сен де Арқада Мәди деген досым бар деп біл.Сарыарқаға қонақ болып кел. Шудан асып Мәдиге бара жатырмын десең болды.Адаспайсың,әр қазақ жол көрсетуге дайын.Аман болсақ кездесерміз. Адам деген пенде ғой. Абай айтпақшы бір боқтың қабы. Кім қателік жібермейді дейсің.Қайдамыз,не істейміз тек бір Құдайға ғана аян. Бастысы бұл өмірге адам болып келіп,адам болып кету. Ол әркімнің өз таңдауында.
Мәди мен сені жол айрығына дейін шығарып салайын. Қолын көтеріп жігіттерге белгі берді. Қалмырза қорадан тұлпарды алып шықты. Төбелторы басын көтеріп тұра қалды. Шынымен де аттың төресі. Тұрқында бір мін жоқ. Кеудесі кең,мойны ұзын. Өзі де биік екен. Екі танауынан дем шығарып,тыныс алғанының өзі де айтып тұрғандай. Қалмырза жүгенін шешіп басқа күмістелген жүген салды.Үстіне арнайы тігілген жабуын жауып бауларын байлады. Нағыз сәйгүлік екен. Мұндай сәйгүлік көрмеген Мәдидің көзі жайнап кетті.
Міне Мәди досым тұлпар сенікі. Ұтып алған жорғаны алып келген екен. Мәди тізгінін алып жорғаны жетектеп Жолшыбайға келіп тізгінді қолына ұстатты.
Жолшыбай мына жорғаны достығымыздың белгісі ретінде өзіңе сыйға тартып тұрмын. Қабыл ал.
Мәди досым бұл жорғаны еңбекпен ұтып алдың өзіңе қалдыр.
Жолшыбай мен ұттым ат менікі,кімге сыйлаймын өзім шешем. Мен саған сыйлап тұрмын. Мені ұмытпай есіңе алып жүресің.
Жақсы Мәди досым көндірдің. Алла разы болсын!
Жетекке тағы үш ат қосыпты. Бір аттың үстіне екі жағын теңдеп дорба байланған.
Мәди мына аттар жол азығың. Керек кезде сойып жерсің. Дорбаны еліңе жеткенде ашарсың. Ішінде бұзылатын ештеңе жоқ.Тек қана алғысым деп біл.
Бәрі жүріп отырып жол айрыққа да жетті. Аттарынан түсті.
Мәди досым жортқанда жолың болсын!Бір Құдай жолыңды берсін!Екі дос бірін-бірі құшағына алып біраз тұрып қалды. Екі жақ та енді кездеспейтіндерін сезіп тұрғандай еді. Енді қайта айналып Қырғызға келмесін Мәди де түсініп тұр. Жолшыбай тұлпарының қасына барын мойнынан сипады. Тұлпар да енді Жолшыбайды көрмейтінін білгендей басын иығына қойды. Қош жануарым!Мәдидің сенімді серігі бол!Далада қалдырма. Тұлпар түсінгендей басын шұлғып-шұлғып қойды.Жолшыбай атты жіберіп,көзінен шыққан жасын көрсетпейін деп басын бұрып әкетті де,Мәдиге жүре бер дегендей қолын көтеріп,алақанымен белгі берді. Мәди атына мініп,жетекке бес атты алып,Шуым қайдасың деп жөнеле берді. Артына қарамады. Тек тұлпар ғана кісінеп артына қарағыштай берді.
Жалғасы.
Сол жүріспен аяңдап отырып Шу өзеніне жетті.Жол айрықтан аттанып кетердегі тұлпардың кісінеп артына қарағаны есіне түсті. Қайтсін жануар ол да туған жерін,шапқылап ойнақтап жүрген тау-тасын,иесі Жолшыбайды көрмейтінін сезді ғой.Енді қайтып бұл жаққа тұяқ баспайтынын да түсінген шығар. Жылқы деген есті жануар ғой.
Кейін айрылып қалмасам болды,аяқты мал туған жеріне тартып кетпесіне кім кепіл. Өзі жүйрік,босап кетсе ұстатпай,жеткізбей кетері анық.Соны ойлаған Мәди осы бастан тұлпарды өзінің даусына,өзінің иісіне үйрете беруді жөн көрді. Әр тоқтап аялдаған сайын қасына келіп мойнынан сипап,жалын саусақтарымен тарақтап,екі құлағының ортасын қасып,Ақмандайлым деп даусымен еркелетіп сөйлеуді әдетке айналдыра бастады.
Шу бойындағы өзі тоқтап,дәм татып кеткен шалдың үйіне тоқтайын деп шешті.Күн ұясына қонып кеш бата бастаған уақыт. Сол жалғыз тұрған қараша киіз үй. Алдынан сол баяғы ақ төбет үріп шыға берді де,Мәдиді танып еркелеп аттың алдынан секіріп-секіріп қойды.Киіз үйдің қасына келіп тоқтады.
Ассалаумағалейкүм,кім бар екен,құдайы қонақпын-деді.
Үйден Асылбай шығып,Мәдиді көріп қуанып кетті.
Әке,әке Мәди ағам келді. Шық далаға- деп мәз болды. Жүгіріп келіп аттың шылбырын ұстай берді.
Ассалаумағалейкүм,Мәди аға жақсы жеттіңіз бе?Олжалы болып келе жатырсыз ғой.
Асылбай бауырым амансың ба? Мәди Асылбайдың қолын алып,құшағына басты.
О,Тәңірім !О,Жаратқан Ием!Мәди балам аман-есен жеттің бе -деп сүріне-қабына үйден шыққан шал Мәдиді құшағына ала берді. Көз жасаурап толқып кеткенін де сезбей қалды.
Ақсақал аманмын. Сіздерге жеттім-ау.Бәрі ойдағыдай .Тұлпарды көріп тұрсыз.
Шал Мәдидің тұлпарды алып келгеніне емес,Мәдидің өзінің аман-есен келгеніне қуанып тұр еді. Бір жағынан Мәдиге риза болып тұрғанын жасыра алмады.
Әй Батырым-ай,көссіз ерлік жасадың-ау. Ризамын балам,ризамын өзіңе.
Апамызда үйден шығып,Мәди балам ат-көлігің аман-есен жеттің бе -деп, келіп маңдайынан сүйді.
Шүкір Апа,өзіңіз де амансыз ба-деді Мәди.
Кемпір шай қой. Тамағыңды да ретте -деді шал.
Ақсақал аттарды тұсап,шаруаны ыңғайлап алайын.Асылбай сен дорбаны түсір де үйге кіргіз. Аттарды бір-біріне байлап тұсамасақ болмас. Маңайда ұры-қары жоқ шығар.
Тынышпыз Мәди балам. Ұрлық жоқ.
Даладағы шаруаның бәрін бітіріп,жуынып-шайынып,шай дайын болғанда үйге бірақ кірді.
Төрлет,төрлет балам. Бәрі отырып шәй іше бастады. Үйдегілердің көздері Мәдиде. Әңгімесін тыңдағанша асығып отыр. Құлақтары түрулі. Шал шыдамады.
Мәди балам сен кешіккен сайын,ойымыз сан-саққа жүгіріп,не деп болжарымызды да білмей,күндеріміз де алаңдаумен өтті. Қолдан келгені,Бір Құдайдан сұрап тілек тілеуіміз ғана болды. Шүкір аман-есен келгеніңе қуанып отырмыз. Шудан қиналмай өттің бе?Манаптың аулы қай жерге орналасыпты. Шал Мәдидің аузына сөз салып бергендей болды.
Шудан өтіп,Қырғыз жеріне кіре бердім. Бөтен жер,бөтен ел. Бағыт-бағдар да жоқ. Осы сапарға бекер шықтым ба,деген ой да басқа келді. Мәди болған жағдайдың бәрін алдарына жайып салды.Үшеуінің аузы ашылып қалған.Арасында, әй Ерім-ай ,деген шалдың тамсанған даусы шығып қояды. Қозғалақтап қойғанын да білмей қалады.
Кемпір мен Асылбай далаға кезек-кезек шығып ошаққа от салып жүр. Асылбай өзі шыққан сайын аттар жаққа көз салып қойып жүрді.Сол отырыспен түн жарымына дейін отырды. Арасында ет те желінді,сорпа да ішілді. Қайта қайнаған шай да келді.
Әңгімесін аяқтап,міне басымнан өткен жағдай осы.Аман қалған манап тұлпарын мінгізіп,шығарып салды.
Ақсақал үш ат пен дорбаны сіздерге қалдырамын. Дорбада не барын да білмеймін. Сосын көресіздір ғой.
Ау,Мәди балам мұның дұрыс болмады.Ыңғайсыз болар.Ертең ел-жұрт,Жақсыбай Мәдиді екі қондырғанын бұлдап,үш атын алып қалыпты. Жақсыбай деген атың құрысын деп күндеп сөкпей ме?Жоқ Мәди балам болмайды.
Ақсақал ,бәрі дұрыс. Ешкім ештеңе демейді. Менің жағдайым бар. Құдайға шүкір малым өзіме жетеді. Бір атты сіздің өзіңізге сыйға тартамын.Көрші ауылдарға мініп барып тұрасыз. Біреуін Апама бердім. Сіз атпен жүргенде,ол кісі жаяу жүрмейтін шығар. Біреуін Асылбайға атадым. Жігіт болып қалды. Тойға,қыз-қырқынға барып жүрсін. Үйде отыра бермей,жан-жақпен аралассын. Келін түсірмей ме?Үйде отырған жігітке әйел қайда?
Ау,Мәди балам бізді бір жарылқап тастадың-ау!Көп жаса!Үбірлі-шүбірлі бол!
Қайда жүрсең де аман жүр балам. Алла разы болсын!
Әумин!Рахмет Жәке!Онда мен жатып демалып алайын.
Кемпір Мәдиге төсек салып беріп,үшеуі далаға шықты.
Асылбай сен аттарды қарап отыр таң атқанша. Ертең күндіз ұйқтарсың.
Асылбайдан басқасы ұйқыға кетті. Асылбайда онсыз да ұйқы болмас еді. Арманы атты болу еді. Мәди ағасы арманын орындап берді.
Мәди аға
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz

Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz

Сертификат

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Портал жаңалықтары 18 жастан асқан оқырмандар назарына.

Контакты
  • Мекен-жай Astana, Kazakhstan
  • Телефон +77057218114
  • e-mail info@newsroom.kz
Әлеуметтік желілер:
facebook twitter telegram instagram youtube
Яндекс.Метрика

2024 © Барлық құқық қорғалған