Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде 200 еселік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі, деп хабарлайды NewsRoom.kz.тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2021 жылы мемлекеттік грант 3100 азаматтарға, оның ішінде 1553 жастарға, беру жоспарланды. 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін 2500 адам грант алған (81%), олардың 950 жастар, 79 мүгедектігі бар азаматтар, 919 адам аз қамтылған қатарынан, 300 адам көпбалалы отбасылардың мүшелері, 6 қандастар, 1 адам пробация есебінде тұрған, 245 басқа санаттағы азаматтар.
Грант алушылардың 218 адам кәсіпкер ретінде тіркелді, қалған 2282 адам – бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен немесе Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан жұмыссыз адамдар, кәсіпкерлер және жүгінген сәтте бірыңғай жиынтық төлем төлеген адамдар мемлекеттік гранттар алуға үміткер бола алады. Ал, табысы аз немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер және жастар гранттар алуда басым құқыққа ие.
Атаулы әлеуметтік көмек алатын, табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелері, сондай-ақ оралмандар мен қоныс аударушыларға «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өту талап етілмейді. Мемлекеттік грант алушы грант алған күннен бастап он екі ай бойы бизнесті кеңейтуге бағытталған шараларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмайды.
Бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грант алған күннен бастап салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы оның нысаналы пайдаланылуын растайды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі анықталған жағдайда Халықты жұмыспен қамту орталығы аудан (қала) әкімімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мақсатсыз пайдаланылған мемлекеттік грант қаражатын қайтару бойынша іс-шаралар өткізеді.