Жетісайда қылмыстық жазасын өтеген азаматтарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі мәжіліс өтті, деп хабарлайды NewsRoom.kz. тілшісі.
Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында әкімдік жанындағы қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ, қылмыстық жазасын өтеген азаматтарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативті-кеңесші органы мәжілісінің кезекті отырысы өтті.
Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков төрағалық еткен жиынға Жетісай аудандық прокуратурасының прокуроры Мұхтар Әлжанов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Жұмағали Төреқұл, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков пен «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Мутаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғалымжан Жорабеков, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен пробация қызметінің инспекторлары қатысты.
Күн тәртібінде пробация қызметінің есебінде тұрған, пробациялық бақылау қойылған сотталғандарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша ағымдағы жылдың І жарты жылдығында атқарылған жұмыстар жайлы Жетісай аудандық пробациялық қызмет бөлімінің бастығы, әділет майоры Д.Назаров пен пробациялық бақылауда тұрған азаматтарды атаулы әлеуметтік көмекке қатыстыруға, квота бойынша тұрақты жұмысқа орналастыру және аудан көлемінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру жөнінде аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Жұмағали Төреқұлдың есебі тыңдалды.
Сала мамандарының мәліметіне сенсек бүгінде аудан бойынша 345 сотталушы пробациялық есепте тұрса, оның 106-сы І жарты жылдықта есепке алынғандар. Сонымен қатар, жарты жылда 112 азамат есептен алынса, сот үкімімен тағайындалған жазаны өтеу тәртіптері мен шарттарын қасақана орындамағаны, пробация қызметінің бақылауынан жасырынып-жалтарған 15 тұлғаның 7-і аудандық соттың шешімімен бас бостандығын айыру жазасына кесілген. Жазасын өтеуден және бақылаудан жалтарған 1 сотталушыға іздеу жарияланған. Сотталушы азаматтарға арнайы бағдарлама түзіліп, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы 55 азамат, Жетісай ауданы әкімінің қаулысы негізінде бөлінген квотамен 28 азамат жұмысқа орналасқан. 95 тұлғаға психологиялық, 56 тұлғаға құқықтық көмектер көрсетілген.
Жиын соңында консультативті-кеңесші органының төрағасы, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде пробация қызметі есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған азаматтарды сотталған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу мақсатында жұмыспен қамтудың белсенді шаралары – қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау, өз кәсібін ашуға кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту, әлеуметтік, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына және деректер қорындағы бос жұмыс орындарына қатыстыруға жүйелі түрде ықпал жасау керектігін тапсырды.