Түлкібастық шаруа 6 жылдан бері құлпынай шаруашылығымен айналысып келеді, деп хабарлайды NewsRoom.kz. сайты.
Түлкібас ауданының Шақпақ баба ауылында құлпынай жайқалып тұр. Ауыл сыртында орналасқан алқаптан құлпынай піскен шақта жұпар иіс аңқып тұрады.
«Ақбиік Агро» шаруа қожалығының иесі Бекжан Исақов 2015 жылдан бері осы кәсіпті қолға алып келеді. Бүгінде 2 га жерге құлпынайдың екі түрін өсіруде. «Виктория» және «Альбион» деп аталатын түрлері аталған ауылдың ауа райына қолайлы болып келеді. Күзге дейін бір жерден екі рет өнім алып келген шаруа биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты өнім көлемі жылдағыдан аз болғанын айтады. Алайда, аудан тұрғындарына уақытылы жеткізіп тұрады. Базардағы саудагерлер мен арнайы өндірістік фирмалар алқап басына келіп, алып кетеді. Негізгі тұтынушылары Тараз қаласынан. Бекжан Исақов екінші өнімді ауыл тұрғындары тосап жабуға көптеп алатынын айтты.
«Құлпынай – көп күтімді қажет ететін бақша өнімі. Егілген соң бір жылдан кейін өнім бере бастайды. Жақсы күтілген алқаптан бір жылда екі өнім алуға болады. Үнемі жүйектердің арасын тазартып тұруды қажет ететіндіктен, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарттық. Бүгінде онға жуық әйел жиым-теріммен айналысып, нәпақасын тауып отыр»,- дейді шаруа қожалық иесі.
Ауданымызда бұдан да өзге шаруалар бір жерден екі өнім алуға қызығушылық танытып, қолға алуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша 4000-нан аса шаруа қожалық бар. Олардың барлығы да ел игілігі жолында қызмет етіп келеді.