Арыс қаласында мұқтаж жандарға арналған әлеуметтік дүкен жұмыс істей бастады. Жағдайы төмен отбасылар мен көмекке зәру тұрғындарға арналған дүкенде азық-түлік пен киім-кешектен бастап тұрмыстық техника сынды көптеген заттар тегін таратылады, деп хабарлайды NewsRoom.kz. порталы тілшісі.
Қала тарихында алғаш рет ашылған «Әлеуметтік дүкен» сөз бен мейірімге мұқтаж жандардың қажеттілігін өтеуге себепкер болмақ. Сауда орнының ашылу рәсіміне қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
«Қаламызда алғаш рет іске қосылған бұл дүкен «Қолғабыс» қоғамдық қорының бастамасымен ашылып отыр. Мұнда киім-кешектен бастап, аяқ киім, ойыншық, балаларға арналған арба, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техникамен қоса азық-түлік өнімдеріне дейін бар. Жаны жомарт азаматтар табыстаған тұрмысқа қажетті заттарды дүкен қызметкерлері мұқтаж отбасыларға тегін беретін болады», – дейді Гүлжан Құрманбекова.
Ал «Қолғабыс» қоғамдық қорының жетекшісі Сырлыбек Мұсабековтің айтуынша, дүкен есігі көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға және жалғызбасты аналар үшін әрдайым ашық. Айта кетейік, қала кәсіпкерлері мен қоғам белсенділері атсалысқан игі жоба аясында 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.