Елордада вакцина алатын жастар арасында 1,5 миллион теңге ойнатылады. Елордалық "Астана жастары" жастар ресурстық орталығы қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Халықаралық Жастар күні қарсаңында "Stop COVID-19" үздік бейне-challenge байқауын ұйымдастырады, деп хабарлайды
Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған newsroom.kz порталы.
Байқау студент жастар арасында вакцинациялау арқылы COVID-19 таралуына қарсы күрес, сондай-ақ студенттер арасында шығармашылық кластерді қолдау мақсатында өткізіледі. Сайыс жеңімпазы елордалық мәслихат депутаты Азамат Манасұлының басшылығымен жұмыс істейтін "Ідіріс Орынбасар атындағы қайырымдылық қорынан" 1 миллион теңге алады. 2-орынға – 300 мың теңге, 3-орынға – 200 мың теңге. Сондай-ақ, байқауға қатысушылар үшін "Арена fitness", "Winox" фитнес-залдарының танымал желілерінен және "Хлебный край"компаниясынан ынталандыру сыйлықтары қарастырылған.
Байқау осы жылдың 5 тамызы мен 5 қазаны аралығында өткізіледі. Оған елорданың орта арнаулы (колледждер) және жоғары оқу орындарының кәмелетке толған студенттері қатыса алады.
«Шарттар өте қарапайым: ниет білдірген қатысушылар 5 тамыздан 5 қыркүйекке дейін Google Forms арқылы Instagram @astana_jastary профилінің тақырыпшасына қатысуға өтінім жіберуі қажет. Содан кейін қатысушы Нұр-Сұлтан қаласындағы кез келген егу пунктінде 5 тамыз бен 5 қазан аралығында екпе алуы тиіс. Ары қарай вакцинация нүктесінен шығармашылық бейне-challenge түсіріп, оны Instagram және Tik tok-та жастардың ең көп санына тарату керек. Жарияланымдардың астында челленджге қатысушылардың санын бақылау үшін #stopCovid #молодежьзавакцинацию #nsjastary #astanajastary хэштегтері көрсетілуі қажет. Байқау соңында ең көп таралымға ие бейнеролик авторлары (1,2,3-орын) ақшалай сыйлық алады.
Байқау ережесінің шарттарымен Instagram парақшаларынан танысуға болады: @astana_jastary және @ns_jastary, немесе WhatsApp +77471909693 нөмірі бойынша хабарласуға болады», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.