Елімізде түрлі спорт түрлерімен қатар дзюдо күресі де қарқынды дамып келеді. Халықаралық ареналарда осы спорттың түрінен жерлестеріміз топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатуда. Солардың қатарында жерлесіміз Тельман Қарлығаш Алиханқызы да бар.
15 жастағы аруымыз соңғы жылдары жасөспірімдер арасында халықаралық және елішілік турнирлерде топ жарып, биік белестерді бағындыруда. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ағымдағы жылдың 21-26 маусым аралығында Шардара қаласында жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен Қазақстан біріншілігі ұйымдастырылды.
Осы байрақты бәсекеде Түлкібас ауданының спортшысы Қарлығаш Тельман топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. Жуырда спортшыны, оның бапкерін және әкесін аудан әкімі Нұрлан Байғұт қабылдап, айтулы жеңісімен аудан тұрғындары және аудан әкімдігінің ұжымы атынан құттықтады. Баптаған бапкері мен тәлім-тәрбие берген әкесіне алғысын жеткізіп, Қарлығашты алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Айта кетерлік, аталған ел біріншілігінде Қарлығаш Алиханқызы бас жүлдені ғана жеңіп алмай, жарыс жолындағы үздік өнері үшін ҚР мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сапиевтен «Үздік спортшы» номинациясын иеленіп отыр.