Джексонвиллде (АҚШ, Флорида) аралас жекпе-жектен UFC 249 турнирі өтті. Коронавирус пандемиясына байланысты жарыста жанкүйерлер болған жоқ. Басты жекпе-жекте америкалық Джастин Гэйтжи отандасы Тони Фергюсонды жеңіп шықты.
Джастиннің жеңісі – жанкүйерлер күтпеген нәтиже! Себебі Тони Фергюсон қарсыласынан мықты деп саналып келген. Бірақ сегізбұрышта Джастин мықтылығын мойындатты.
Бірінші раундта Тони Фергюсон белсенді болып, ширақ қимылдарымен көзге түскен. Бірақ Джастин Гэйтжи де қарап қалмады. Сәті келгенде соғып қалумен болды. Ал екінші раундта Гэтжидің өзіне деген сенімі артты. Қарсыласын тұқырта бастады.
Үшінші раундта да Джастиннің басымдығы байқалды. Фергюсонды бірнеше рет жойқын соққысымен есеңгіретті. Ал төртінші раундта Фергюсон белсене түскенмен, қарсыласынан айласын асыра алған жоқ.
Жекпе-жек бесінші раундта аяқталды. Джастин айқын басымдық танытып, қарсыласын сәт сайын соққының астына ала бастағаннан кейін төреші шайқасты тоқтатты. Осылайша Джастин Гэйтжи жеңіл салмақта уақытша чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Айта кетейік, Тони Фергюсон о баста Хабиб Нурмагомедовпен кездесуі керек болған. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты ресейлік спортшы жарысқа қатысудан бас тартты. Нәтижесінде оны Джастин Гэйтжи алмастырған. Ал жеңгенімен Хабиб шығады деп күтілуде. Демек жыл соңына дейін Джастин мен ресейлік спортшының жекпе-жегін көріп қалуымыз бек мүмкін.
UFC (Ultimate Fighting Championship) – аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді әрі танымал спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез-келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарналар арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады.