Түркістан облысы Сайрам ауданында екпе салдырушылардың қатары артып келеді. Қазір ауданда 7 екпе егу пункті ашылып, 29 егу бригадасы жұмыс істеуде.
Құрамында дәрігер мен вакцинатор, тіркеуші бар топ ауылдарды аралап, екпе шараларын жүргізуде. Сонымен қатар, үйінен шыға алмайтын тұрғындар үшін ауданда 8 жылжымалы бригада ұйымдастырылған. Барлық мамандар екпе егу бойынша арнайы дайындықтан өтіп, жылжымалы бригадаларға көлік бекітілген. Бұдан бөлек, ауданда екпе құтыларын сақтауға арнайы қойма ұйымдастырылған.
Онда құтыларды сақтауға және тасымалдауға 2 стационарлы мұздатқыш, 5 рефрижератор мен термоконтейнер бар. Егу тіректерінің әрқайсысы 1 мұздатқыш камерасы бар тоңазытқыштармен қамтамасыз етілген. Сайрам ауданында 49 480 адамға екпе егу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін, 1-компонентпен 31 430 адам, 2- компонентпен 19 562 адам қамтылып отыр. Ауданда екпе салдырушылардың қатарының артуы байқалады.