Төлеби ауданындағы екі елді мекенге бұлақ басынан жеке ауызсу құбыры тартылады, деп хабарлайды.
Төлеби ауданы әкімі Төлеген Тұртайұлы бір топ Алатау ауылдық округі тұрғындарын қабылдады. Ауыл халқы жаздың аптап ыстығында ауыз суға зәру екенін, қазіргі кезде округке қарасты Қорған, Екпінді елді мекендеріне ауыз су кезекпен берілетініне шағымданып және осы мәселені шешу үшін Ақмешіт таулы аймағынан су құбыры тартылса деген ұсыныстарын жеткізді. Қабылдауға келген ауыл тұрғындары ауыз суға қатысты өз ойлары мен пікірлерін бөлісті. «Су – ырыс көзі, тіршілік бұлағы болғандықтан, ауыл тұрғындары үшін оның маңыздылығы өте жоғары екенін білемін. Халықты сапалы ауыз сумен қамту ең маңызды әлеуметтік мәселенің бірі. Сондықтан тіршілік көзін қолжетімді ету үшін бар күш жігерімізді салудамыз. Қазіргі кезде Екпінді, Қорған елді мекендерінде орын алған су тапшылықтарын шешу мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылды. Біркөлікте орналасқан демалыс аймақтарына бассейн толтыру мақсатында тартылған ауыз су құбырлары комиссия шешімімен кесілді. Нәтижесінде елді мекенге су беру тұрақталды. Дегенмен, осы мәселені түпкілікті шешу үшін Екпінді, Қорған елді мекендеріне бұлақ басынан жеке құбыр тарту үшін сметалық құжаты әзірленіп, қаржы қарап отырмыз. Бұлақ басынан жеке құбыр тарту арқылы мәселені түпкілікті шешеміз», - деді аудан әкімі Төлеген Телғараев.