Бүгін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пайдалануға берілетін және құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралады, деп хабарлайды NewsRoom.kz тілшісі.
Түркістан-Кентау тасжолы бойында орналасқан "Парасат" саябағындағы жұмыстарды ай соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Шаһар басшысы егілген көгалдардың уақытылы суғарылуы үшін суғару жүйесінің ақаусыз қызмет етуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен "Арыс-Түркістан" каналының суын жасыл желектер үшін тиімді пайдалану тапсырылған болатын. Осы мақсатта, "Түркістан-Су" мен "Түркістан жарық-тазалық" мекемелерінің басшыларына қаланың жасыл белдеуін суаруда олқылыққа орын берілмеуі қажеттігі ескертілді. Бүгін Нұрбол Әбдісаттарұлы атқарылған жұмыстар барысын көріп, қазылған жерлердің тұрғындарға қолайсыздық туындатпауы үшін қайта қалпына келтіруді реттеуді тапсырды. «Яссы» мөлтек ауданы мен «Тұран» саябағындағы ирригациялық жүйелерге де канал арқылы су жіберіліп, экологияны жақсартуға септігін тигізетін болады.
Сондай-ақ, қала ішіндегі көгалдандыру жұмыстарын қарқынды атқару үшін қазіргі таңда "Жасыл Түркістан" мекемесінің жалпы штаттық бірлігі 1 ай ішінде 202-ден 357 адамға дейін, қосымша 155 штат бірлігімен ұлғайтылып, көгалдандыру бағытына бақылау күшейтілді. Қазіргі таңда 5 мобильді топтың 3-і күндізгі және 2-сі түнгі ауысымда жұмыс істеуде.