Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жергілікті "Түркістан" газеті мен "Тұран-Түркістан" телеарнасына барып, қызметкерлердің жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды NewsRoom.kz тілшісі.
"Қаламыздың медиа саласын жетілдіру ісі назарымыздан тыс қалмайды. Біз мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру үшін насихат жұмыстарын жүйелеп, елді ақпараттандыруды қолға алуымыз шарт. Бұл істе Түркістандық БАҚ құралдары белсенділік танытады деп сенемін", - деді қала басшысы өз сөзінде. Былтыр 90 жылтық мерейтойын тойлаған басылым қаланың тыныс-тіршілігін жан-жақты танытуда. Мәлік Жұмаханұлы басқаратын редакция ұжымы әлеумет, қоғам, ақпарат, спорт, мәдениет сынды түрлі айдарлар бойынша сапалы материалдар жариялап келеді. Апталық 8 бетті қазақ тілді газеттен бөлек, 4 бетті өзбек тілді газет те жарық көреді.
Ал, Мұрат Серікбайұлы басқаратын, 2000 жылдан бері көгілдір экран бетінен қала жаңалықтарын хабардар ететін "Тұран-Түркістан" телеарнасы жанынан Республикалық "Turan aqparat" қоғамдық-саяси басылымы да жарық көріп келеді. Онда "Қоғам", "Ислам" және "Жарнама" айдарлары арқылы толық нөмірлі газет апта сайын жазылушыларға жеткізіліп отырады.