Екі айдан соң ұлдарын тапқан әке-шешесін әйтеуір өз айтқанына көндірген Садио Дакардағы футбол академиясына өз талантымен оқуға түседі. Осы орайда, - маған Мане мінезінің қайсарлығымен ұнады. Оны сол қасиеті үшін ұнаттым деген Юрген Клоптың сөзін келтіре кетсек артық болмас.
2011 жылы француздардың «Метце» клубына шақырту алған Маненің мейірімді жолы басталады. Еуропалық клубтарға келіп лайықты жалақы ала бастаған ол туған ауылы мен оқыған қаласындағы балалар футболына аямай ақша құя бастады. ТМД елдерінің кей футболшылары секілді модель пішіндес аруларға ақша шашпайтын ол «маған он «Феррари», екі ұшақтың, жүздеген қымбат сағаттардың не керегі бар?! Керек болса сатып аламын. Бірақ олар мені қаншалықты бақытты етеді?» - дейтін ол аштықты да, соғысты да көргенін, жалпы бұл өмірдің өткінші екенін айтып, қайырымдылыққа және дінге толығымен бет бұрған.
«Теледакар» басылымына сұхбат берген ол «стадион соқтық, мектеп соғып бітірдік. Әлі алда талай жоспарлар бар» - деп экраны шытынап кеткен ұялы телефон ұстаудан ұялмайтынын айтқан.
Қазір Садио Мане әлемдегі ең үздік футболшылардың бірі. Сенегал астанасынан 800 шақырым алыста жатқан ауыл баласының осындай жетістікке жеткені әрине ертегіде кездесетін оқиға. Дегенмен, әрқашан өзінің қарапайымдылығымен және қайырымдылығымен ерекшеленетін бүгінгі біздің кейіпкер ешқашан мойымай, тек жақсы істерге ұмтылу керек деген пікірде екен.
Жүмәсіл ЖАПАБАЙ