Жамбыл облысы Жамбыл ауданында орналасқан «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты енді медициналық бұйымдармен қатар, шикізат та дайындалатын болады, — деп хабарлайды tarazy.kz басылымына сілтеме жасаған newsroom.kz порталы. Қазір кәсіпорын жаңа кешеннің құрылысымен айналысуда. Кешен іске қосылғанда ауылшаруашылық, жол, құрылыс заттарынына қажетті шикізаттар нарыққа шығарылады. Қазірдің өзінде өнеркәсіп орнында 650 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылына мұнда 15 млн дана бір реттік медициналық бұйымдар шығарылады. Жұмысын 2011 жылы 15 түрлі медициналық бұйымдарды өндіруден бастаған зауыт бүгінде 400-ге жуық фармацевтикалық заттарды өзімізге және көршілес мемлекеттерге де экспорттайды.
Зауытта тоқылмаған материалдан жасалған бірреттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, системалық құралдар, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырмалар, ота жасауға арналған құрал-жабдықтар: қайшы, пышақтар жиынтығы өндіріледі.
Сондай-ақ жұмысшыларға да жағдай жасалған. Жаңадан орналасқан азаматтар техника тілін меңгеру үшін арнайы курстарды тегін оқып, кәсіпке үйренеді.
Тағы бір айта кетерлігі жұмыс беруші балалар үйінен шыққан, тұрғын үйі жоқ жандарға зауыт ішінен салынған жатахана мен асхана тегін қызмет көрсетеді. Кәсіпорын директоры Қайрат Қаймолдаевтың айтынша, осы күнге дейін медициналық бұйымдарды өндіру үшін шикізатты сырттан тасымалдайтын болса, енді сол шикізатты өндіру үшін зауыттың аумағында үлкен кешеннің құрылыс жұмысы басталған. Қажетті құрылғыларды орнату үшін 1,7 млрд теңге жұмсалыпты. Келер жылдың мамыр айында іске қосылатын кешенде 100-ге жуық адам еңбек етеді деп жоспарлануда.