Югославияны қырық жыл басқарған, атақты әскери маршал Иосиф Броз Тито қазақша таза сөйлеген, қазақтың әндерін әуелетіп айтқанда ет жүрегіңді елжіретеді екен.
Көшпенділердің салт-дәстүрін жақсы ұстанғаны сондай, қымыз ішкенді ұнататын Тито мырза, армансыз қазақша сөйлескенді жаны қалапты. Қазақпен Титоны байланыстырып тұрған қандай құдірет?
1967 жылы Мәскеу қаласында Қазан төңкерісінің 50 жылдығы айрықша атап өтіледі. Саяси мәні басым тойға сол кездегі социалистік лагерь елдерінің басшылары, сырт мемлекеттердегі коммунисттік партияның жетекшілері бірі қалмай шақырылғаны анық.
Осы тойға құрметті қонақ ретінде Моңғолия елінің басшысы, маршал Юмжагийн Цеденбал да қатысады. Бұл адамның әйелі Анастасия Ивановна орыс ұлтынан, әрі өзі де Кеңес елінде білім алғандықтан орыс тілін еркін меңгерген жайы бар.
Тойдың әбден қызған тұсында Моңғолия маршалы Ю.Цеденбалға Югославия елінің басшысы, әскери маршал Иосиф Броз Тито жолыққысы келетіні жайлы хабар жетеді.
Броз Тито – 1892 жылы Хорватияның солтүстігіндегі Кумровец атты елді мекенде туған. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1915 жылы майдан алаңында жараланып орыстардың тұтқынына түсіп, лагерьде болған. Осында жүріп орыс тілін үйренген.
Тіпті Лев Толстой шығармаларын түпнұсқада сүйсініп оқыған. Кейін коммунистік партияның халықаралық қайраткерлерінің біріне айналып, 30 жыл мемлекет басқарып, 40 жыл Югославия коммунистеріне көсем болды.
Сөйтіп екі елдің қос маршалы Мәскеу төрінде қол алысып, орыс тілінде армансыз әңгімелескен. Бір әредікте Броз Тито: «Секе, менің арманым биебаудың басында тұрып, сары қымыздан қанғанша бір ішу.
Естуімше, сіздің елдің жайлауында тамыздың шүйгін шөбіне піскен қымыз көп дейді. Құдай бұйырса, келесі жылы бірге отырып, жайлауда қымыз ішсек қалай?» деп әзіл-шыны аралас ұсыныс айтады. Ю.Цеденбал жарықтық «Келіңіз, қанша ішсеңіз де қымыз табылады» деп жалбақ қағады.
Сонымен келесі, 1968 жылы Югославия басшысы Моңғол еліне келеді. Көміліп қымыз ішеді. Жуықта осы тарихи сапар жайлы жазылған естелікке көзім түсті. Авторы – Моңғолхуу Бестайұлы дейтін қазақ екен. Бұл ағамыз Шыңғыс хан жұртына аты мәлім журналист. Бір айыбы – тек моңғолша жазады. Ұзақ жыл елдің бас басылымы «Үнен» («Правда») газетінде тілші болған.
Мүкеңнің айтуынша, Броз Титоның өмір-тарихында көшпенділердің дәстүр-салты айрықша қымбат. Өйткені 1915 жылы орыстың тұтқынына түскен ол Оралға жер аударылады. Тито бұл арадан қашып шығып Омбы қаласының маңындағы Александровск ауылында жансауғалап жүрген жерінен қазақтың бір байы өкіл бала етіп «асырап» алады.
Сөйтіп Тито қазақтың ұлы болып шыға келеді. Өкіл әкесінің сібірліктерден сатып алған су диірменін іске қосып, ұн тартып қазақтарды қарық қылады. Бұл оқиға жайлы 1987 жылы Мәсекеуде жарық көрген «Они остаются с нами» атты Титоның өз естелігінде: «Түрмеде өлімші қалде жатқан мені қазақтың бір дәулетті адамы келіп, алып кетті. 10 шақты киіз үйден тұратын қазақ ауылына әкелді.
Кейін білсем бұл жер қазақтардың мекені екен. Орыстар өлкені «Киргизская край» деп атағандықтан мен өзімді алғашында қырғыздардың арасында жүрмін деп ойладым. Кейін білдім бұлар ұшан-теңіз даланың иесі, әрі көшпенділердің соңғы мұрагері қазақтар екен.
Өкіл әкемнің тек өзінде 2500 жылқы болды. Мен қазақша тәп-тәуір сөйлейтін және халық әндерін нақыштап айтатын дәрежеге жеттім. Айдауда жүргенде өкпеме суық тиіп, ауыр дертке шалдыққан едім. Қазақ ауылына келіп үздіксіз қымыз ішудің арқасында 3 жылда құлан-таза айықтым».
Тағы бір дерек, орыс қаламгері Евгений Матониннің «ЖЗЛ» сериясымен 2012 жылы жарық көрген «Броз Тито» атты кітабы бар. Осы туындының «Ресей тұтқынында болған күндер» атты бөлімінде: «1917-1920 жылдар аралығында Иосиф Броз қырғыздардың арасында өмір сүрді.
Ол өзінің өкіл әкесі Жексенбаевқа (тұпнұсқада Жаксенбаев) адал болды. Ол өз ағайындарын (қазақтарды айтады) ақтардың бұлап-тонауына қарсы көтеріп, халықты болшевиктік сенімге бағыттады» деп жазыпты. Бұл жазбадан біз Титоны қазақ асырап алғанын анық аңғарамыз.
Сол сияқты аталған тақырып бойынша ізденген қазақ журналисі Қуаныш Ахметов марқұмның пайымдауынша Титоның асырап алған өкіл әкесі – Иса Жексенбаев деген ауқатты қазақ. Оның Омбы қаласына таяу маңда жеке шаруашылығы болған. Егіншілікпен айналысқан, жылқы өсірген. Тіпті Исекең көрші Михайловка атты ауылда тұратын Полина Белоусова деген орыс қызға құда түсіп, қалың малын төлеп Титоны үйлендірген.
Онымен қоймай қызыл бөренеден қиюластырып үй салып берген. Исекең 1937 жылы омбылық қайраткер Мұқан Әйтпеновтің контрреволюциялық тобында болды деген жала арқалап, «халық жауы» ретінде атылып кеткен екен. Ұрпақтары (Жүнісовтер) бар. Олар Омбы облысы Шарбақты ауданы «Қойшыбай» ауылында тұрады («Егемен Қазақстан». 25 шілде, 2001 ж).
Сөзіміздің басына қайта оралайық. Моңғолдың кең көсілген даласы, шұрқыраған жылқы, жайылып жатқан малды көріп, өзінің қазақ даласында өткізген күндері есіне түскен Тито «менімен қазақша сөйлесетін адам бар ма?» дейді ғой. Сол тұста Моңғолияның Жоспарлау агенттігінің төрағасы, кейін Министрлер кеңесінің бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілген, бала кезінде қазақтардың арасында өсіп, қазақ тілін үйренген Түменбайыр Рагша деген азамат «Кел, сөйлесейік мен бармын» депті.
Сөйтіп, екеуі кең жайлауда киіз үйде қымыз ішіп отырып қазақша көсілген көрінеді. Содан қымызға қызған Тито «мен қазақша өлең айтам» дейді ғой. «Қандай өлең айтасыз?» «Қараторғай». Қасындағы Рагша досы дереу «Маршал Титоның орындауында қазақтың халық әні «Қараторғай» деп салтанатты түрде жариялап жіберіпті. Содан екеуі қосылып әлгі әнді айтып шыққан екен. Тыңдап отырған бас хатшы, маршал Цеденбал қол соғып қарық болыпты.
Бұл оқиғаны хатқа түсірген адам жоғарыдағы Моңғолхуу ағамыз. Біз Мүкеңнің бірнеше жылдың алдында Ұлан-батырда жарық көрген «Қарлы Алтайдың күмбірі» атты мың беттік естелік-жазбасынан алып, өзіміз білетін дерек-дәйекті қосып қазақтың жалпақ тілімен оқырманға жеткізіп отырмыз.
Броз Тито партизандар отрядының командирі болған. Югаславияны 1941-45 жылдары жаулап алған немістерді қынадай қырған. Соғыс жылдарында, Броз Тито Совет армиясының неміс әскеріне пленге түскен солдаттарын азат етеді.
Совет армиясының тұтқындарын өзінің партизан отрядына қосқан. Ал тұтқындар арасындағы қазақтарды Рота, Полк, Батальон Командирі етіп тағайындайды..
Соғыс біткесін Сталин барлық неміс тұтқынында болып келген Совет жауынгерлерін "Сатқындар" деген желеумен 10-20 жылға соттап жібереді.
Ал осы кезде Броз Тито соғыс біткен кезде партизан жасағындағы қазақтарды СССР-ге жібермей қояды. Себебі еліне қайтса болғаны НКВД 25 жылға соттап жібереді.
Броз Тито барлық қазақтарды Югаславияда қалуға үгіттейді:”Мен қазақтарды СССР-ге жібере алмаймын себебі мен Қазақтарға қарыздармын"- деп айтқан көрінеді.
Осы мақаланың авторы Бекен Қайратұлы ағамыз. Бекен ағамыздың әр мақаласы тұнып тұрған кәусәр бұлақ. Ағамыздың құнды дүниесін, әлеуметтік желідегі, алқалаған әлеуметпен бөлісуді жөн көрдім. Сауабы Бекен ағамызға. Ойланам десең, ой түйер құнды дүниелер өте көп ағайын.
Суретте: 1. Иосиф Броз Тито. 2. Киіз үйдің ішінде қымыз ішіп отырған Ю.Цеденбал мен Броз Тито. 1968 жыл. Моңғолия.
Мақсат СҚАҚОВТЫҢ фейсбук парақшасынан алынды