Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
7 шілде, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Бағаны экобазар реттейді

Бағаны экобазар реттейді

Бағаны экобазар реттейді
ашық дереккөзі
 width= Ауыл шаруашылығы – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін және халықты  аса маңызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін, сондай-ақ елеулі экспорттық әлеуеті бар Түркістан облысының негізгі саласы.  Климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында ауыл шаруашылығын жүргізуге Түркістан облысы   Қазақстандағы ең қолайлы өңір болып табылады және облысымыз бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша республикада жетекші орынға да ие. Сондықтан, агроөнеркәсіптік кешенді жан-жақты тұрақты дамыту ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Мемлекет Басшысының әр жылғы Жолдауында да бұл мәселе назарсыз қалмаған. Әсіресе, фермерлерді, диқаншыларды қолдау және халықты қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше  көңіл бөлініп, жоғары талаптар қойылуда. Осы орайда, жақында Түркістан қаласында әлеуметтік азық-түлік қорын қалыптастыруға мүмкіндік беретін және тауарларды тауар өндірушілерден тікелей сөрелерге жеткізуге болатын экобазар іске қосылмақ.  Экобазар – дәстүрлі ауылшаруашылық нарығының және заманауи жайлы сауда орталығының артықшылықтарын біріктіретін жаңа форматтағы фермерлер базары болады. Көлемі 14 га. жерге орналасқан  базарда 3000-ға жуық сауда орындары, оның ішінде: 900 орын - азық-түлікке, 1500 орын - киім-кешекке, 500 орын - тұрмыстық тұтыну тауарларына арнайы жабдықталып, сонымен қоса, жиһаздарға 1000 шаршы метр орын дайындалады. Жалпы жаңа нысанның құрылыс алаңы 5 га  жуық болады. Заманауи экобазарда диқандар өз өніміндерін бір қолдан, делдалдарсыз тікелей сата алады. Ол үшін қажетті жағдай толықтай жасалып, мұнда жазда салқын, қыста жылы температуралық режим қамтамасыз етіледі.  Экобазардың құрылысы барлық санитарлық нормаларға сәйкес, төбесі жабық, жеңіл автокөліктер мен жүк автокөліктерінің еркін кіріп шығуына арналған кең жолдар ашылып, әрқайсысына бөлек автотұрақтар ұйымдастырылады.   Ең бастысы, экобазар барлық азық-түлік тауарлары көтерме бағамен сатылатын ең ірі сауда орнына айналмақ.  Бұл диқандардың өздері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін жылдам өткізуге, азық-түліктің сапасын сақтауға, тасымалдаумен байланысты шығынды азайтуға өте қолайлы болмақ.   Осыған орай, базарда сауда орындарынан бөлек, тоңазытқыш орнатылған 200 қойма орындары болады. Соның арқасында, күзде жинаған өнімді келесі маусымға дейін халыққа арзан бағамен сатуға мүмкіндік туады. Базарда халыққа тиімді бағада азық-түлік ұсынуды қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне облыс әкімдігі мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен 2-3%-бен жеңілдетілген несие берілетін болады. Бұл базарда сиыр, қой, жылқы еттері мен ет өнімдерін сатуға үлкен мән берілмек. Мұнда еттен дайындалған шұжықтар, тұзды-ысталған өнімдер және консервілер, қазы, қарта сынды өнімдердің барлық түрлері болады. Осы тұста ерекше айта кетерлік жайт, соңғы жылдары ірі қара мал етін өндіруде және экспорттауда Түркістан облысы елімізде көш бастап келеді. Өңіріміздің ет өнімдері Қытай, Өзбекстан, Ресей, Иран елдерінде, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде жоғары сұранысқа ие болып отыр. Ал, қауынға деген сұраныста Германия 1-ші орында тұр.  Аталған көрсеткіш, біздің еліміздің азық-түлігінің жоғары сапалы, экологиялық таза екендігінің бір көрсеткіші деп айтуға болады.  Әрине, экобазар шетелдерге де тауарларды экспорттайтын болады.  Аталған мақсатта, экобазарда кәсіпкерлер, туристер, өнім өндірушілермен және шетелдермен байланыс орнату үшін арнайы «Кеңсе» ашылып, онда заңгерлер, аудиторлар, мамандар, кәсіпкерлер жұмыс жасайтын болады. Кеңседе әлемдік нарыққа тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, тауар өндірушілерге, тауарды сатып алушыларға, соның ішінде шетелдік сатып алушыларға тиісті консультациялар беріледі және шетелдерге тауарларды экспорттау,  өнімдерді жеткізу мәселелері бойынша келісім-шартқа отыру сынды процедуралар жүргізіледі. Сонымен қоса, туристер де өздерін қызықтыратын мәселелері бойынша тиісті  ақпараттар ала алады. Экобазарда тек ет өнімдері емес, азық-түлік тауарларының барлық түрлері болады.  Әсіресе, Түркістан өңірінің кептірілген жемістері әркез елімізде жоғары бағаланып, ерекше сұранысқа ие болып келеді. Сондықтан, бұл базарда тамақ өнеркәсібінде кең қолданысқа ие кептірілген жемістер мен көкөністердің түр-түрі сатылады. Өйткені, кептірілген азық-түлік түрі мезгіларалық жеміс тапшылығы кезінде халықты жеміс-жидек өнімдерімен үздіксіз және уақтылы қамтамасыз етуде қолайлы. Экобазардың тағы бір ерекшелігі, мұнда азық-түліктерден бөлек, өндірістік тауарлардың барлығы болады. Тіпті үй жиһаздарын да тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік туады. Мұнда еліміздегі мықты тауар өндірушілерге арналған орындар болады және сауда қатарларындағы барлық өнімдер көрмеге орнатылғандай ерекше көрікпен, туристер үшін келіп тамашалауға ыңғайлы етіп қойылады. Сонымен қатар, мұнда барлық аудан, қалалардың жәрмеңкелері өтіп, өз өнімдерін өткізуге таптырмас орын болмақ. Барлығымызға белгілі, бүгінде диқандар өз өнімдерін «екінші, үшінші қолдар» арқылы тым арзан бағамен саудалауда, ал арадағы алып сатушылар өзара келіскен түрде азық-түлік бағасын жасанды көтеріп жатады.  Жалпы бағаны тұрақтандыру үшін өндірілген өнімді өндірушінің халыққа тікелей ұсынуына қолайлы жағдайлар жасау қажет. Сол себептен де, Түркістан қаласында осындай ауқымды экобазардың іске қосылуын бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесі зор деп айтуға болады. Экобазар қаланың мақтанышы болып, тұрғындардың тұрмыс-тірлігін де байқататын халық ең көп шоғырланған тамаша орынның бірі болады деп күтілуде.  Елімізде өндірілген сапалы өнімдерді тұтынушыға арзан бағада ұсынатын осындай базарлар бәсекеге қабілетті ішкі нарығымызды ынталандыруға алғышарттар жасайтыны сөзсіз. Сондықтан, бұл базардан еліміздің басқа өңірлерінің де тиімді бағамен азық-түлік өнімдерін сатып алуы күтілуде. Жалпы, шығыс халықтарында базарға қатысты «киелі орын» деген түсінік бар. Базар деген қала жұртшылығының тек сауда-саттық емес, сауық-сайран құратын, демалып, көңіл көтеретін орны болып келді.  Осы орайда, киелі шаһардың туристік әлеуетін арттыру мақсатында экобазар қалаға көрік беретіндей сәулетті де сәнді, тынысы кең, заңғар биік болып салынуда. Мұнда балаларға арналған ойын-сауық орталығы, банктер, фуд-корттар, санитарлық қызмет орындары сынды тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, еңбек етуіне қолайлы орындардың барлығы болады.  Жалпы, бұл жоба өңір экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сол себептен таяуда іске қосылғалы отырған экобазар ыңғайлы әрі тиімді көпфункционалды сауда орны болғалы тұр десек артық айтпағанымыз болар.