Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
8 мамыр, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Соғыста талай дивизиялар бір тәулікте жойылып кеткен- Айдос Сарым

Соғыста талай дивизиялар бір тәулікте жойылып кеткен- Айдос Сарым

Соғыста талай дивизиялар бір тәулікте жойылып кеткен- Айдос Сарым
ашық дереккөзі
Қазақстанның тарихшылары Екінші дүниежүзілік соғыстың мәселелерін тыңғылықты зерттеуі керек. Бұл туралы онлайн конференцияда белгілі саясаттанушы Айдос Сарым мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпаратт. Бүгін Жеңістің 75 жылдығына орай «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры жəне «edLight Education Support Center» ЖШС-нің ұйымдастыруымен «Ұрпаққа ұран болған ұлы ерлік» атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтті. «Біз елімізде өз Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, өз тарихымызды айтатын, жазатын, зерттейтін заманған келдік. Германиямен соғыс біршама зерттелген болса, біздің қазақтардың Кеңес-Фин соғысына қалай қатысқаны жайында терең зерттелмеген. Сонымен қатар, Жапонияда қалай соғыстық деген әңгімелер айтылмаған. Соғыс дегеніміз - майданға аттанған азаматтардың ерлігі. Кезінде бізге тек жақсы жағын ғана көрсетуге тырысты. Негізі, осы соғыстың қарапайым күндері бар. Кейбір дивизияларымыз төрт адамға бір мылтық беріп, соғысқа қатысқан. Талай дивизиялар бір тәулікте жойылып кеткен күндер бар», - деді саясаттанушы. Осы орайда А. Сарым тарихты дұрыс зерттеу керектігін атап өтті. Бұл тұрғыда соғыста жүрген азаматтар күнделікті өмірін қалай өткізгенін тыңғылықты зерттеу қажет. «Екінші үлкен ерлігіміз – ол тылдағы азаматтардың, аналарымыздың, әжелеріміздің жанқиярлық еңбегі. Соғыс жағдайында күнделікті өмірде шырылдап отырған балаға нанын тауып беру, одан кейін зауытқа немесе қырманға барып жұмыс істеу – бұл да үлкен ерлік. Осы жағын да көп айта бермейміз, аз-маз киноларымыз әрі шығармаларымыз бар. Бізде соғыс тақырыбы тек соны көрген адамдардың ғана иелігі болып қалды. Біз неге қиялдамаймыз, біз неге ойланбаймыз?», - деді ол. Сонымен қатар саясаттанушы қазір әлемде «жадылар соғысы», «тарих соғысы» деген тақырыптар пайда болғанын айтты. Ресей тарих тақырыбына, оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына айрықша мән беріп отыр. «Жалпы, бұл тақырыпта өзіміздің жолымызды табуымыз керек сияқты. Меніңше, 9 мамыр тек қуаныш күні емес. Шындап келгенде, ата-бабаларымызды еске алып, мешітке бару керек. Біз бұл күндеаза тұтып, яғни іштей ойланып, соғыстың болмауын тілеуіміз қажет. Осы орайда тиісті көзқарасты қалыптастырған дұрыс болар», - деді А. Сарым. Оның атап өтуінше, алдағы уақытта соғыста, ашаршылықта жоғалған адамдарды іздеп табуға мән беру керек. Бұл ретте архивтік жұмыстарды жандандыру шаралары күтіп тұр. «Біз үнемі өзіміздің жолымызды біліп, өзіміздің ұлттық мүддемізді ешқашан естен шағармауымыз керек. Шынымен де соғыста үлкен ерлік те, үлкен қиянат та болды. Оңай жеңіл-желпі тұжырымдамаларға берілмей, өзіміздің үлкен тұжырыммен келіп, естеліктерді жинауға мән берген жөн», - деді Айдос Сарым.