Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінде тұңғыш рет өткізіп жатқан «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық онлайн-байқауының І кезеңіндегі жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды newsroom.kz. Мәдениет порталы ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Екі айға созылған додаға 101 суретші, 300 астам картина келіп түсті. Солардың ішінде 8 суретші үздіктер қатарынан табылды. Олар: Аршын Қабылбек (Шахтер)Өмірзақ Рыстан (Ұрпақ қорғаны)Толқын Талапбек (Көсем)Дәуренбек Бекназар (Көкейкесті)Рахат Сапаралинова (ТАС ТЫНЫСЫ)Аманат Назарқұл (Ұлы дала кардиограммасы)Серікжан Ысқақбек (Қоянды жәрмеңкесі)Құмар Омархан «АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК» Айта кетейік, жеңімпаз 8 сурет бойынша байқаудың ІІ кезеңі жалғасады. Ол кезеңде ақындар жеңімпаз атанған суретшілер салған үздік 8 суреттің біреуін таңдап, сол сурет туралы 1 поэзиялық шығармасын (өлеңін) жолдау арқылы қатыса алады.
Байқаудың АҚЫНДАРҒА арналған 2-кезеңі 26.06.2021 – 26.07.2021 аралығында өтеді.
2-кезең бойынша қазылар алқасының қорытынды шығару мерзімі 26.07.2021 - 01.08.2021. Қазылар алқасының бағалау кезеңі «Мәдениет порталында» онлайн түрде болады.
Жеңімпаз Ақын мен Суретші шығармаларынан арнайы үш тілде (қазақ, орыс және ағалшын) альбом дайындалады. Альбом сапалы, түрлі-түсті суреттермен безендіріліп, арнайы түсірілген бейне роликтерге сілтеме берілген QR-кодтармен жарық көреді.
Негізгі шарт бойынша поэзия мен суретте үндескен дуэт-үміткерлер «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» қорытынды мәдени кешіне алдын ала шақыртылады.