Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"Бұл мерейлі мереке қанқұйлы жауды күйрете жеңіп, туған жерін қорғап қалған әкелеріміз бен аталарымыздың өшпес ерлігін дәріптейді", - дейді президент.
Мемлекет басшысы қазақстандықтар қиын-қыстау кезеңде батырлық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсеткенін атап өтті. Майданға аттанған 1 миллион 200 мың азаматымыздың жартысы елге оралған жоқ.
"Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Леонид Беда, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Иван Павлов, Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Мәлік Ғабдуллин, Хиуаз Доспанова, Рақымжан Қошқарбаев және басқа даңқты батырларымыздың есімдері мәңгі есте сақталады", - деді Тоқаев.
Соғыс жылдарында Қазақстанға көшірілген жүздеген өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорында мыңдаған отандасымыз еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Ауыл халқы жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін аянбай тер төкті.
"Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық", - деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, биыл мереке күні өзгеше ахуалға тұспа-тұс келсе де, майдангерлердің ешбірі елеусіз қалған жоқ. Ол ардагерлерге мықты денсаулық және бақ-береке тіледі.